Синоптиктердің болжамынша, облыстың шығысы мен таулы аудандарында шығыстан соққан жел батыс бағытқа ауысады. Желдің екпіні секундына 18 метрге дейін жетуі мүмкін.
Күндіз өңірде қатты ыстық болып, ауа температурасы +35…+36 градусқа дейін көтеріледі.
Аптап ыстыққа байланысты облыстың бірқатар аумағында өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады. Атап айтқанда, өңірдің орталық, батыс және шығыс бөліктерінде төтенше өрт қаупі, ал солтүстігінде жоғары өрт қаупі болжанып отыр.
Қонаев қаласында да күндіз ауа температурасы +35 градусқа дейін көтеріледі. Мұнда төтенше өрт қаупі сақталады.
Ал Алматы қаласында жоғары өрт қаупі күтіледі.
Мамандар мұндай ауа райында өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, ашық аумақта от жақпауға және сөндірілмеген темекі тұқылын тастамауға кеңес береді. Әсіресе құрғақ шөп пен өсімдіктер көп аумақта отты абайсыз пайдалану өрттің жылдам таралуына себеп болуы мүмкін.





