Жұмыс сапары барысында вице-министр Алматы облысы әкімдігінің өкілдерімен бірге Талғар ауданындағы бірқатар туристік нысанды аралады. Негізгі назар өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, табиғи-рекреациялық ресурстарды тиімді пайдалануға және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға аударылды.
Сапар аясында Мирас Төлебаев «Ой-Қарағай» тау-шаңғы курортына барып, оның туристік әлеуетімен танысты. Сондай-ақ экологиялық туризмді дамыту, туристік нысандардың айналасындағы инфрақұрылымды жетілдіру және демалушылар үшін қолайлы жағдай жасау мәселелері қаралды.
Вице-министр курорттың инвестициялық жобасының үшінші кезеңі аясында салынып жатқан нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының барысын көрді. Сонымен қатар инвестордың 2025 жылғы желтоқсанда жасалған Инвестициялар туралы келісім шеңберінде қабылдаған міндеттемелерінің орындалуы жөніндегі есебін тыңдады.
Кездесу барысында инвестициялық жобаны белгіленген мерзімде жүзеге асыру, жаңа туристік нысандарды кезең-кезеңімен пайдалануға беру мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға, туристер үшін қолжетімді әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Талғар ауданы табиғи-климаттық ерекшеліктері мен Іле Алатауына жақын орналасуының арқасында Алматы облысындағы туризмді дамытуға қолайлы аумақтардың бірі саналады. Сондықтан мұндағы жаңа инвестициялық жобалар туристік ағынды арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасының дамуына серпін береді деп күтілуде.





