Мерейтой аясында бәйгемен қатар қазақ күресі, асық ату, ләңгі тебу, армрестлинг және гір көтеруден облыстық жарыстар ұйымдастырылды. Ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстарға жалпы саны 300-ден астам спортшы қатысып, өзара бақ сынады.
Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жансерік Адиахметовтің айтуынша, «Көкбастау» ипподромын алдағы уақытта жаңғырту жоспарланып отыр.
«Жамбыл ауданындағы «Көкбастау» ипподромы Алматы облысында ұлттық ат спорты дәстүрлері дамып келе жатқан алаңдардың бірі. Көп жылдан бері мұнда бәйге және басқа да жарыстар ұйымдастырылып келеді. Енді ипподромды заманауи спорттық-мәдени кешенге айналдыру мақсатында қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр», – деді ол.
Жоба аясында көрермендерге арналған трибуналар, ат қоралар, жаттығу алаңдары мен спортшыларға қажетті нысандар салу көзделген. Сонымен қатар қонақүй және туристік инфрақұрылымды дамыту жоспарлануда.
«Бәйге» федерациясының Алматы облысы бойынша атқарушы директоры Елдар Жақыпбек өңірде ұлттық ат спортына қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті.
Оның мәліметінше, бүгінде Алматы облысының атынан 20-ға жуық шабандоз республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып жүр. Ал 30–40 маман жылқыларды баптау және жаттықтыру жұмыстарымен айналысады.
Соңғы екі жылда өңірде бәйгеден екі Қазақстан Республикасының спорт шебері және төрт спорт шеберлігіне кандидат даярланған. Олардың барлығы – 12–14 жас аралығындағы спортшылар.
Сонымен қатар Елдар Жақыпбек Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Нұрасыл Бекбатыр, Асылжан Төлеген және Ерсұлтан Жарқынның аламан бәйгеде алғашқы үш орынды иеленгенін атап өтті.
Құнан бәйгенің жеңімпазы Changan X5 автокөлігін алды
11 шақырымдық құнан бәйгеде Балқаш ауданының өкілі Айсұлтан Саматұлы «Баққара» атты тұлпарымен мәреге бірінші жетті. Жеңімпазға бас жүлде ретінде Changan X5 автокөлігі табысталды.
Екінші орынды Жамбыл ауданының шабандозы Ерсұлтан Жарқын «Еркежирен» тұлпарымен иеленді. Ол күміс жүлдемен қатар 1 миллион теңге ақшалай сыйлық алды.
Айта кетейік, Ерсұлтан Жарқын биыл Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 18 шақырымдық топ бәйгеде жеңімпаз атанып, 25 шақырымдық аламан бәйгеде қола жүлдеге ие болған.
«Бүгін «Еркежирен» өзін барынша жақсы қырынан көрсетті. Әрине, жеңіске жеткіміз келді, алайда екінші орын да жақсы нәтиже. Жаттықтырушыма және бізді қолдаған барша жанға алғыс айтамын», – деді Ерсұлтан Жарқын.
Үшінші орын «Сұлуқасқа» тұлпарымен жарысқан Сералы Әмірге бұйырды. Оған 700 мың теңге табысталды. Төртінші және бесінші орын алған шабандоздар да ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Топ бәйгеде Hyundai Palisade сарапқа салынды
16 шақырымдық топ бәйгеде Балқаш ауданының өкілі Мерей Гарипуллин «Орда» атты сәйгүлігімен жеңіске жетіп, Hyundai Palisade автокөлігін иеленді.
Екінші орынға Қарасай ауданынан келген Әділжан Асхатұлы «Секрет» тұлпарымен тұрақтады. Оған 1,5 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді.
Алматы қаласының өкілі Ахмет Арнұр «Тобылғы торы» тұлпарымен үшінші болып келіп, 1 миллион теңге алды.
Төртінші орын иегеріне 700 мың теңге, бесінші орын алған шабандозға 500 мың теңге табысталды.
Аламан бәйгенің бас жүлдесі – ROX автокөлігі
Көрермендер асыға күткен 25 шақырымдық аламан бәйгеде Павлодар қаласының өкілі Дамир Ілесбек «Көксерек» тұлпарымен мәреге бірінші жетті. Жеңімпаз ROX автокөлігін ұтып алды.
Екінші орынды Жамбыл облысынан келген Алмасхан Базырбек «Бақторы» атты сәйгүлігімен иеленді. Оған 2 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді.
Үшінші орын Астана қаласының өкілі Әлижан Мансурға бұйырды. Ол «Кемеңгер» тұлпарымен жүлделі орынға ие болды.
Сондай-ақ аламан бәйгеде төртінші орыннан жетінші орынға дейінгі шабандоздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Осылайша, Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған халықаралық бәйгеде үш қашықтықтың жеңімпазына автокөлік табысталды. Мерейтой аясындағы жарыстар ұлттық ат спорты дәстүрін дәріптеуге және жас шабандоздардың шеберлігін шыңдауға арналды.





