Бұрынғы әкімге және басқа да айыпталушыларға қатысты іс Қылмыстық кодекстің жеті бабы бойынша қаралды.
Іс материалдарын қараған сот Бағдат Қарасаевқа қатысты үкім шығарып, бір эпизод бойынша кінәсіз, ал басқа баптар бойынша кінәлі деп таныды.
Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы («Алаяқтық») бойынша Қарасаев ақталды. Сот оның әрекеттерінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамының жоқ екенін анықтады.
Сонымен қатар, сот оны ҚК-нің 361-бабы 3-бөлігі («Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану») және 364-бабының 3-бөлігі («Кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу») бойынша кінәлі деп таныды. Нәтижесінде Бағдат Қарасаев 3 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейді.





