Тексеру барысында төрт жасар баланың асқазаны мен аш ішегінен 29 магнит анықталды. Магниттер бір-біріне тартылып, ішек қабырғаларын қысып тұрған. Хирургтер ота жасап, барлық магнитті алып шықты. Сонымен қатар баланың ішегінен туа біткен Меккель дивертикулы да алынып тасталды. Ал жеті жасар баланың тоқ ішегінен үш магнит табылды. Дәрігерлер оларды лапароскопиялық әдіспен, ішекті тікелей кесіп ашпай алып шықты. Облыстық балалар клиникалық ауруханасының хирургі Асқар Қаназовтың айтуынша, балалар магниттерді үйде ойнап жүріп абайсызда жұтып қойған.
«Бірнеше магнитті жұтып қою баланың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Магниттер ішектің әртүрлі бөліктерінде орналасса да, бір-біріне тартылып, ішекті қысып қалуы мүмкін. Соның салдарынан ішек зақымданып, тіпті тесіліп кетуі ықтимал. Балалар ауруханаға магниттерді жұтқаннан кейін шамамен бес сағаттан соң жеткізілді. Уақытылы көрсетілген медициналық көмектің арқасында ауыр асқынулардың алдын алдық», – деді хирург.
Отадан кейін екі бала да толық тексеруден өтіп, тоғыз күннен соң үйлеріне шығарылды. Дәрігерлер магнитті ойыншықтар мен ұсақ бөлшектердің балалар үшін аса қауіпті екенін ескертеді. Бала магнит жұтып қойған жағдайда, ешқандай белгі байқалмаса да, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.





