Кездесуге Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы қатысып, Сәуле Мағазбекқызының қазақ әдебиеті мен руханиятына қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтті.
Аймақ басшысы жазушының туған жерге деген жанашырлығы мен жас ұрпаққа көрсетіп жүрген қамқорлығы көпшілікке үлгі екенін айтты.
«Туған жерін ұмытпай, ауылына тұрақты қолдау көрсетіп жүрген азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Сәуле Досжанның руханиятқа, білім мен тәрбиеге қосып жүрген үлесі – кейінгі буын үшін үлкен өнеге», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Сәуле Досжан – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, жазушы әрі журналист. Қаламгер қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасымен, нәзік лиризмімен және терең психологиялық иірімдерімен танылған.
Оның «Үшінші есіктің құпиясы», «Жатқа туған бала», «Үлкен үйдегі үрей», «Қасірет пен тағдыр», «Ауылдан шыққан миллионер», «Үзілмеген үміт», «Біртуар» секілді шығармаларын оқырман жылы қабылдаған. Жазушы туындылары орыс, испан, неміс, қытай, ағылшын, араб, француз, венгер, түрік, чех және қырғыз тілдеріне аударылған.
Шығармаларында адам жанының құпиясы, әйел тағдыры, отбасы құндылығы мен ұлттық болмыс кеңінен көрініс табады.
Кездесу барысында қаламгердің туған ауылы Ақтамға көрсетіп жүрген қолдауы да ерекше аталып өтті. Сәуле Досжан жыл сайын өзі білім алған мектептің талантты оқушыларына шәкіртақы тағайындауды дәстүрге айналдырған. Биыл оның қолынан 32 оқушы марапат алды. Олардың қатарында пән олимпиадаларының, ғылыми жобалар мен әдеби байқаулардың жеңімпаздары бар.
Сонымен қатар, жазушы ауыл мектебінің жаңаруына және медициналық пункт салуға қолдау көрсеткен.
Рухани кеш аясында Сәуле Досжанның өлеңдері оқылып, өмір жолынан сыр шертетін театрландырылған қойылым ұсынылды. Аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама ұйымдастырып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Шара соңында қатысушылар қаламгердің туған жерге деген жанашырлығы мен елге қызмет ету жолындағы еңбегі көпшілікке үлгі екенін атап өтті.





