Рингке 2009–2010 жылдары туған спортшылар шықты. Қазақстанның алты өңірінен келген боксшылармен қатар Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан өкілдері де чемпиондық атаққа таласады.
Турнирдің салтанатты ашылуына спорт саласының өкілдері, жаттықтырушылар, төрешілер, бокс ардагерлері мен құрметті қонақтар қатысты. Жарыстың жасөспірімдер боксін дамытудағы және болашақ чемпиондарды даярлаудағы маңызы атап өтілді.
Турнир атауының да өзіндік мәні бар. «Алтын адам» – Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасының символдарының бірі. Ұйымдастырушылар бұл атауды күш-қайрат, намыс және ұрпақтар сабақтастығымен байланыстырады.
«Мұндай атаумен өтетін турнирдің спорттық қана емес, символдық мәні де зор. Бүгінде осы рингте жас спортшылар өнер көрсетіп жатса, ертең олардың арасынан қазақ спортының даңқты дәстүрін жалғастырып, еліміздің намысын ірі халықаралық ареналарда қорғайтын чемпиондар шығуы мүмкін», – деді Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Мырза Ертенбек.
11 салмақ дәрежесінде жеңімпаздар анықталады
Жарыс 11 салмақ дәрежесі бойынша өтіп жатыр. Ең жеңіл салмақ – 48 келі болса, ең жоғары санат – 90 келіден жоғары.
Турнирдің халықаралық деңгейде өтуі жас спортшыларға түрлі бокс мектебінің өкілдерімен күш сынасуға мүмкіндік береді. Боксшылар өзге елдерден келген қарсыластардың техникасы мен жекпе-жек мәнерін байқап, өз дайындық деңгейін бағалай алады.
«Дәл жасөспірімдер кезеңінде болашақ спорттық мансаптың іргетасы қаланады. Спортшының жеке мәнері қалыптасып, өзіне деген сенімі артады және үлкен жеңістерге апарар жол күнделікті еңбектен басталатынын түсінеді. Қатысушылардың құрамы әртүрлі бокс мектептерін салыстыруға мүмкіндік беріп, спортшыларға баға жетпес тәжірибе береді. Сондай-ақ жарыстың ұйымдастырылуы мен төрешілер жұмысының жоғары деңгейін ерекше атап өткім келеді. Олардың басты міндеті – әр жекпе-жекке объективті баға беру», – деді жарыс ұйымдастырушысы Тілк Манап.
Азия чемпионатының финалисі де чемпиондық белбеуге таласады
Қатысушылар арасында халықаралық жарыстарда тәжірибе жинаған жас боксшылар бар. Солардың бірі – Маңғыстау облысының намысын қорғайтын Расул Халиф. Ол 2025 жылы Иорданияда өткен Азия чемпионатында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалға шыққан.
Енді спортшы «Алтын адам кубогында» чемпиондық белбеу үшін сынға түседі.
«Мен үшін әр турнир – өзіңді шыңдаудың, мықты бола түсудің мүмкіндігі. Азия чемпионатынан кейін халықаралық жарыстардың қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Мұнда боксшылардың әртүрлі мәнерін көріп, қарсыласқа тез бейімделуді үйренесің. «Алтын адам кубогына» да мықты спортшылар жиналған, сондықтан әр жекпе-жек мен үшін үлкен сынақ болмақ. Мен лайықты бокс көрсетіп, жаттығуларда жасаған еңбегімді рингте көрсетуге және, әрине, чемпиондық белбеу үшін күресуге бар күшімді саламын», – деді Расул Халиф.
Жеңімпаздарға чемпиондық белбеу табысталады
Алда жас боксшыларды бірнеше күнге созылатын тартысты жекпе-жектер күтіп тұр. Турнирдің басты жүлдесі – чемпиондық белбеу.
Жарыс қорытындысында «Үздік боксшы», «Үздік жаттықтырушы» және «Үздік төреші» номинациялары бойынша үздіктер анықталып, дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталады.
Сондай-ақ бірінші, екінші және үшінші орын алған спортшыларға Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат атағы беріледі.
Ұйымдастырушылар үшін «Алтын адам кубогының» мақсаты тек жеңімпаздарды анықтау емес. Турнир жас боксшыларға халықаралық тәжірибе жинауға, мықты қарсыластармен кездесуге және алдағы спорттық жолына қажетті тәжірибе қалыптастыруға мүмкіндік береді.





