Жаңа нысан ауылдық жерлерде азаматтық қорғау жүйесін дамытуға бағытталған «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында іске қосылды. Бұл бастама елді мекендердегі өрт және төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздікті арттыруды көздейді.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген ТЖМ басшысы ерікті өрт сөндіру пункттері желісін дамыту министрлік жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай бөлімшелер шалғай және қарқынды дамып келе жатқан ауылдарда құтқару қызметінің оқиға орнына жету уақытын едәуір қысқартады.
Жаңа өрт сөндіру пункті Тұздыбастау ауылымен қатар, Гүлдала, Бесағаш, Белбұлақ, Панфилов және Тұзұсай елді мекендерінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Аталған аумақта 80 мыңнан астам тұрғын тұрады. Нысан демеушілердің қаражаты есебінен салынған.
Өрт сөндіру пункті арнайы дайындықтан өткен жеке құраммен жасақталған және екі бірлік өрт сөндіру техникасымен жабдықталған. Бұл өрттер мен өзге де төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында жобаны іске асыруға атсалысқан жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен демеушілер Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды.





