Жоба аясында әскери қызметшілер бағдарламалау, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, деректерді талдау және Cisco желілік технологиялары бойынша білім алды. Сондай-ақ QLang платформасы арқылы ағылшын тілін меңгерді. Оқыту бағдарламасына Astana Hub IT мектебі мен басқа да білім беру ұйымдары атсалысты.
Сарбаздардың жаңа дағдыларды меңгеруі үшін әскери бөлімде арнайы IT-сыныптар жабдықталған. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару және заманауи радиобайланыс құралдарымен жұмыс істеу бойынша сабақтар ұйымдастырылды. Оқу курстарын сәтті аяқтаған әскери қызметшілерге тиісті сертификаттар табысталды.
Жоба барысында үздік нәтиже көрсеткен сарбаздардың бірі – Мирас Тұрлыбеков. Ол әскери қызметте жүріп IT, ағылшын тілі және басқа да бағыттар бойынша тоғыз сертификат иеленген. Сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруды меңгерген. Әскери борышын адал атқарғаны үшін оған кіші сержант атағы берілді.
«Барлық бағыттың ішінде мені деректерді талдау мен киберқауіпсіздік ерекше қызықтырды. Запасқа шығарылғаннан кейін алған дағдыларымды дамытып, кәсіпте қолдануды жоспарлап отырмын», – деді Мирас Тұрлыбеков.
Әскери бөлімде сарбаздардың спортпен шұғылдануына және бос уақытын тиімді өткізуіне де жағдай жасалған. Мұнда жаттығу залдары, футбол, стритбол және воркаут алаңдары, кітапхана мен шахмат үйірмесі жұмыс істейді. Сондай-ақ әскери қызметшілерге психологиялық қолдау көрсетуге арналған арнайы бөлмелер қарастырылған.
Sarbaz+ жобасы жастарға әскери борышын өтеумен қатар заманауи технологияларды меңгеріп, еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды игеруге мүмкіндік береді. Алғашқы түлектердің тәжірибесі әскери қызметтің кәсіби және тұлғалық дамуға да жол ашатынын көрсетті.





