Облыста пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және оларды қайта айналымға енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Жер қоры есебіндегі алқаптарды қоса алғанда, ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген жер көлемі 585,2 мың гектарға жетті. Оның 240,4 мың гектары шаруаларға берілген. Атап айтқанда, 9,8 мың гектар егістік және 230,6 мың гектар жайылым шаруашылықтардың пайдалануына өтті. Сонымен қатар 291,7 мың гектар жер ауыл тұрғындарының мал жаюына, 53,1 мың гектар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бөлінді.
Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, логистика, қайта өңдеу және туризм салаларын дамытуға бағытталған бес инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.
Ең ірі жоба Қонаев қаласында жүзеге асырылады. Мұнда 35,2 млрд теңгеге ірімшік өндіретін зауыт салынып, 250 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Ал Алатау қаласында 11,7 млрд теңгеге икемді қаптама өндіретін кәсіпорын ашу жоспарланған. Жоба іске қосылғаннан кейін 120 жаңа жұмыс орны құрылады. Іле ауданында құны 7 млрд теңге болатын өндірістік-логистикалық кешен салу көзделсе, Еңбекшіқазақ ауданында 5 млрд теңгеге базальт мақтасын өндіретін зауыт іске қосылады. Соңғы жоба аясында 100-ге дейін жұмыс орны ашылмақ. Бұдан бөлек, Қонаев қаласында 1,3 млрд теңгеге «Alatau Eco Resort» демалыс аймағын салу жоспарланған. Бес инвестициялық жобаның жалпы құны 60,2 млрд теңгені құрайды. Оларды іске асыру нәтижесінде 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Алматы облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Әбдірахмановтың айтуынша, пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары тұрақты бақылауда.
«Пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау үшін ғарыштық мониторинг пен «JerInSpectr» платформасы қолданылады. Ғарыштан алынған деректер алдымен аудандық және қалалық әкімдіктерге жіберіліп, сол жерде тексеріледі. Жердің пайдаланылмағаны расталған жағдайда жер пайдаланушыларға кемшіліктерді жою туралы нұсқама беріледі. Талаптар орындалмаса, заңнамада белгіленген тәртіппен жерді қайтару мәселесі қаралады», – деді Аманжол Әбдірахманов.
Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді қайта айналымға енгізу ауыл тұрғындарының жайылымға деген қажеттілігін өтеуге, ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейтуге және өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған.





