Жылына 1 миллиард литрге дейін алкогольсіз сусын шығаруға қауқарлы кәсіпорынға 344 миллион доллар инвестиция тартылған. Жоба аясында 230-ға жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады, деп хабарлайды Alataunews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1 қазанда өткен зауыттың салтанатты ашылуына Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары, компания басшылығы мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Жаңа кәсіпорын Алматы облысының өнеркәсіп саласындағы ірі инвестициялық жобаларының бірі саналады. Мұнда өндірілген өнім ішкі нарыққа жеткізіліп қана қоймай, ТМД елдеріне де экспортталмақ.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Шыңғыс Әрінов кәсіпорынның іске қосылуы өңір экономикасын дамытуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Экономиканың өркендеуі ең алдымен елдің әр өңірінде жүзеге асып жатқан нақты жобалардан көрінеді. Сондықтан өндірісті дамыту мен инвестиция тарту біздің өңіріміз үшін де маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Осы жолдағы ірі жобалардың бірі – «Carlsberg Kazakhstan» компаниясының жаңа өндіріс орнын іске қосуы. Бұл өңір экономикасын әртараптандыруға, инвестициялық белсенділікті арттыруға және бәсекеге қабілетті өнім көлемін көбейтуге мүмкіндік береді», – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Данияның Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен жаңа зауыттың ашылуын Қазақстан мен Дания арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың нақты нәтижесі ретінде бағалады.
Оның айтуынша, екі мемлекеттің географиялық тұрғыдан алшақ орналасуы өзара тиімді әріптестікті дамытуға кедергі келтірмейді. Керісінше, мұндай инвестициялық жобалар сауда байланыстарын кеңейтіп, жаңа технологияларды енгізуге және халықты жұмыспен қамтуға жол ашады.
Ресми бөлімнен кейін мәртебелі қонақтар өндірістік желіні іске қосу түймесін бірлесе басып, кәсіпорынның жұмысын бастап берді. Сондай-ақ зауыт аумағын аралап, технологиялық жабдықтармен және өндіріс үдерісімен танысты.
Кәсіпорынның алғашқы кезеңінде бес өндірістік желі іске қосылады. Олар түрлі дәмдегі алкогольсіз сусындарды дайындауға және қаптауға арналған. Алдағы уақытта дайын өнімді сақтау мен тасымалдауға қажетті логистикалық инфрақұрылымды кеңейту жоспарланып отыр.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – өндірісте жергілікті шикізатты пайдалану. Компания қажетті материалдарды отандық жеткізушілерден сатып алуды көздейді. Бұл импортқа тәуелділікті төмендетіп, өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдері үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастырмақ.
Сонымен қатар кәсіпорында су, электр энергиясы мен жылуды үнемдеуге бағытталған заманауи технологиялар енгізілген. Мұндай шешімдер өндіріс ресурстарын тиімді пайдалануға және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.
Айта кетейік, осы күні Қонаев қаласында «Қазақстан – Дания» бизнес-форумы да ұйымдастырылды. Іс-шара барысында екі елдің өкілдері инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.
Жаңа зауыттың іске қосылуы Алматы облысында өңдеу өнеркәсібін дамытуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған жобалардың бірі болмақ.





