Қылмыстық топ мемлекетке төленуге тиіс тіркеу және утиль алымдарын айналып өтіп, бюджетке 6,6 млрд теңгеден астам шығын келтірген.
ҚМА-ның Алматы облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында қылмыстық топтың екі жыл бойы белгіленген талаптарды айналып өтіп, көліктерді заңсыз тіркеумен айналысқаны анықталған.
«Алғашқы кезеңде топ мүшелері техникалық регламент талаптарын бұза отырып Қазақстанға әкелінген 642 жүк көлігін заңсыз тіркеген. Кейін олар жеңіл автокөліктерге қатысты «қосар көліктерді тірілту» схемасына көшкен. Яғни заңсыз әкелінген көліктерге Қазақстанда бұрын тіркеліп, кейін есептен шығарылған басқа автокөліктердің VIN-кодтары берілген. Осы тәсілмен тағы 209 көлік тіркеуге қойылған. Заңсыз схемаға полиция қызметкерлері, мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері және жеке нотариустар да қатысқан. Олар ақпараттық жүйелерге жалған мәлімет енгізіп, жалған тұлғаларға сенімхат рәсімдеуді қамтамасыз еткен», – делінген хабарламада.
ҚМА мәліметінше, заңсыз тіркелген көліктер бойынша төленбеген алғашқы тіркеу алымдарының көлемі 5,4 млрд теңгені, ал утиль алымы 1,2 млрд теңгені құраған.
Тергеу кезінде көлік иелері алғашқы тіркеу алымдарын өз еркімен төлеп, мемлекетке 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылған. Сонымен қатар сот үкімімен сотталғандардың қылмыстық табысқа сатып алған бес автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.





