Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау жоспарының 60 пайыздан астамы орындалған. Арпа жинау толығымен аяқталып, 152 мың тоннадан астам өнім қамбаға түсті. Бидай мен сұлыны жинау жұмыстары да мәреге жақындаған.
Ал жүгері мен күріш жинау науқаны енді басталды. Биыл облыста 5,2 мың гектар күріш алқабынан 22,2 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр.
Майлы дақылдар бойынша қазіргі уақытқа дейін 32,5 мың тонна өнім жиналды. Бақша дақылдарын жинау толығымен аяқталып, шаруалар 73,7 мың тонна өнім алған. Сонымен қатар қысқы мал азығына 765 мың тоннадан астам жемшөп дайындалды.
Өңірде көкөніс пен картоп жинау жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Әсіресе Райымбек ауданындағы шаруашылықтарда науқан қызған. Мұндағы «Алтын дән-1» өндірістік кооперативі PepsiCo компаниясымен жасалған келісімшарт аясында чипсы өндірісіне арналған картопты кәсіпорынға жөнелте бастады.
Кооператив төрағасы Дулат Құлмамыровтың айтуынша, биыл шаруашылық 200 гектар жерге картоп еккен. Оның 160 гектары чипсы өндірісіне қажетті картоп өсіруге, қалған 40 гектары тұқым шаруашылығына бөлінген.
«Қазіргі таңда PepsiCo компаниясына алғашқы 20 тонна өнімімізді жібердік. Енді әр екі күн сайын картоп тиелген екі жүк көлігі кәсіпорынға жөнелтіледі. Келісімшарт бойынша жалпы 3 мың тонна картоп тапсыруымыз керек. Әлі 2,9 мың тоннадан астам өнім жіберіледі. Картоп жинау қазан айының ортасына дейін жалғасады», – деді Дулат Құлмамыров.
Шаруашылықта әр гектардан орта есеппен 20 тоннаға жуық өнім алынуда. Кооператив басшысының сөзінше, биылғы құрғақшылыққа қарамастан, жаңбырлатып суару технологиясын пайдалану су тапшылығының әсерін азайтып, тұрақты өнім алуға мүмкіндік берген.
Райымбек ауданында биыл жалпы 2,4 мың гектар алқапқа картоп егілген. Шаруалар күн суытып, қар түскенге дейін өнімді толық жинап алуды жоспарлап отыр. Аудан шаруашылықтары қажетті техника және жанар-жағармай қорымен қамтамасыз етілген.
Жиын-терім науқаны облыстың өзге аудандарында да жалғасуда. Алдағы кезеңде жүгері, күріш, көкөніс пен картоп алқаптарындағы өнімді толық жинап алу көзделген.





