Бұл Shin-Line Group пен AJISEN RAMEN халықаралық мейрамханалар желісінің иесі – жапондық Shigemitsu Industry компаниясы арасындағы келісім аясында жүзеге асырылады. Тараптар мастер-франшиза беру және бірлескен кәсіпорын құру жөнінде уағдаласты.
Келісімге Жапониядағы Қазақстан елшілігінде Shin-Line Group президенті Андрей Шин мен Shigemitsu Industry президенті Кацуақи Шигэмицу қол қойды.
Жоба аясында Ajisen Ramen Central Asia бірлескен кәсіпорны құрылады. Ол брендтің өңірдегі жұмысын басқару, франчайзингті дамыту, өндірісті ұйымдастыру және өнімдерді жергілікті нарықтың ерекшеліктеріне бейімдеумен айналысады.
Серіктестер 2027–2031 жылдары Қазақстанда және өңірдің өзге елдерінде 50-ге дейін AJISEN RAMEN мейрамханасын ашуды жоспарлап отыр. Ал желінің Қазақстандағы алғашқы мейрамханасы Алматы қаласында пайда болмақ.
Ауқымды жобада Алматы облысына маңызды рөл беріліп отыр. Байсерке ауылындағы Shin-Line өндірістік қуаттары негізінде орталықтандырылған өндіріс іске қосылады. Мұнда мейрамханаларға қажетті өнімдерді бірыңғай жапондық сапа стандарты бойынша өндіру жоспарланған.
Өндірісті Алматы облысында орналастыру логистикалық шығындарды оңтайландырумен қатар, отандық шикізатты барынша пайдалануға мүмкіндік береді. Өнім өндіру кезінде халал талаптарын сақтау да міндетті шарттардың бірі болмақ.
Жоба тек мейрамханалар желісін кеңейтумен шектелмейді. Ынтымақтастық аясында Қазақстанға жапондық өндіріс технологияларын, тағам дайындау рецептураларын және басқару стандарттарын енгізу көзделіп отыр. Сонымен бірге өнімдер жергілікті тұтынушылардың талғамына бейімделеді.
Қазақстан кейін брендтің Орталық Азиядағы негізгі тірек нүктесіне айналмақ. Осы жерден AJISEN RAMEN-ді ЕАЭО елдеріне, Кавказ бен Шығыс Еуропа нарықтарына кезең-кезеңімен шығару жоспарланып отыр.
Жобаның жүзеге асуы Алматы облысының тамақ өнеркәсібіне жаңа технологиялар тартуға, жергілікті өндірістің әлеуетін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықаралық брендтің өндірістік базасының өңірде орналасуы облыстың инвестициялық тартымдылығын күшейтетін жобалардың бірі болмақ.





