Арман Тастанбеков форум қатысушыларына Alatau City арнайы құқықтық режимінің негізгі ережелері мен жаңа реттеушілік ортаны қалыптастыру тәсілдерін таныстырды. Атап айтқанда, қаланың арнайы мәртебесінің құқықтық негіздері, кәсіпкерлік қызметті реттеу моделі, инвестициялық кепілдіктер, жер және қала құрылысы саласындағы реттеу, сондай-ақ эксперименттік құқықтық режимдерді енгізу тетіктері сөз болды.
«Alatau City арнайы құқықтық режимі – ең алдымен инвесторлар мен бизнес үшін түсінікті, тұрақты әрі бәсекеге қабілетті орта қалыптастырудың құралы. Біз Қазақстан Республикасының конституциялық негіздері коммерциялық реттеудің заманауи тәсілдерімен ұштасатын модель қалыптастырып жатырмыз. Ашық әрі айқын ережелерді, инвестицияларды қорғаудың тиімді тетіктерін қамтамасыз ету және ірі жобаларды неғұрлым жедел іске асыруға мүмкіндік жасау бағытында жұмыс жүргізудеміз», – деді Alatau City Authority Бас атқарушы директорының орынбасары – реттеушілік саясат жөніндегі бас директор Арман Тастанбеков.
Сессия барысында Alatau City-дің құқықтық архитектурасына ерекше назар аударылды. «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң арнайы реттеудің негізін қалыптастырады. Бұл ретте коммерциялық және реттеушілік блокта жалпы құқық юрисдикцияларында қолданылатын жекелеген тәсілдер мен құқықтық құралдарды пайдалану көзделген. Конституциялық негіздер, қылмыстық құқық, халықаралық қатынастар және жеке құқықтар Қазақстан Республикасының құқықтық өрісінде қалады.
Талжібек Мұханбетқалиева Алатау қаласының заңнамасын қалыптастыру және арнайы құқықтық режимнің негізгі қағидаттары туралы баяндады. Олардың қатарында аумақтық қағидат, субсидиарлық, реттеудің тұрақтылығы, жеке инвестициялардың басымдығы, ашықтық, «бір терезе» қағидаты және рәсімдердің цифрлық басымдығы бар.
«Біз Alatau City-дің резиденттік пен лицензиялаудан бастап салықтық реттеу, құрылыс, инфрақұрылым, цифрлық активтер және еңбек қатынастарына дейінгі бизнесті жүргізудің негізгі мәселелерін қамтитын өзіндік реттеушілік жүйесін қалыптастырып жатырмыз. Мақсатымыз – бизнес үшін жұмыс істеу жағдайларының болжамдылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету», – деді Талжібек Мұханбетқалиева.
Пікірталастың негізгі тақырыптарының бірі Алатау қаласының болашақ сот жүйесі болды. Форумда ұсынылған тұжырымдама коммерциялық және азаматтық істерді ажырата отырып, бірыңғай апелляциялық соты бар екі деңгейлі модельді көздейді. Ұсынылған архитектура дауларды шешудің түсінікті тетіктерін қалыптастыруға және бизнес пен инвесторлар үшін құқықтық айқындықты арттыруға бағытталған. Спикерлер Alatau City-дің нормативтік базасын қалыптастыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатқанын атап өтті. 2026 жылдың соңына дейін қаланың бірінші кезектегі заңнамасын әзірлеу көзделген, ал 2027 жылғы шілдеде арнайы құқықтық режимді толық іске қосу жоспарланып отыр.
Kazakhstan Legal Forum Қазақстанда 16-шы рет өткізіліп, мемлекеттік органдардың, заң және бизнес-қоғамдастықтың өкілдерін, сондай-ақ халықаралық сарапшыларды біріктіреді. Биыл форум бағдарламасына 10-нан астам тақырыптық сессия енгізілген, ал спикерлер саны 130-дан асады.




