Ақпаратқа қарағанда, мамырда Алматы клиникалық көпсалалы ауруханасының перзентханасына 27 апталық жүктілікпен жас әйел мерзімінен бұрын толғатып, түскен. Дәрігерлердің көмегімен жас ана салмағы 850 грамм болатын нәрестені дүниеге әкелген.
«Бала өте кішкентай болып туғандықтан, бірнеше күн өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Оған барлық ем-шаралар қолданылып, медициналық көмек көрсетілді. Тәжірибелі мамандардың арқасында екі айда баланың салмағы 1600 грамға жетті. Қазіргі уақытта бала мен оның анасы Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасына ауыстырылды», — деп жазды баспасөз қызметі.
Ал жас ана баласын аман алып қалған дәрігерлерге алғысын білдірген.
Айта кетейік, бұл ауруханада биыл 1313 бала дүниеге келсе, оның 236-сы шала туған.
Әлемдік статистикаға сәйкес, жылына 15 миллионға жуық бала шала туады. Яғни, әрбір 10-шы нәресте уақытынан бұрын дүниеге келеді. Сонымен қатар мамандар соңғы жылдары балалардың мерзімінен бұрын тууы жиілегенін алға тартып отыр.





