Жәрмеңкенің алғашқы күнінде-ақ Алматы облысынан жеткізілген өнімнің жартысынан астамы сатылып кеткен. Екінші күні де сауда алаңына келушілер қатары азаймады. Әсіресе Алматы өңірінің апорт алмасына сұраныс жоғары болды.

Еңбекшіқазақ ауданынан келген бағбан Фатима Лазгиеваның шаруашылығы жәрмеңкеге алманың сегіз түрін және табиғи жолмен дайындалған кептірілген өнімдерді ұсынды. Оның айтуынша, шаруашылық елордадағы дәстүрлі жәрмеңкеге 2013 жылдан бері қатысып келеді.
«Биыл 3 тонна өнім алып келдік. Бірінші күні-ақ оның 2 тоннасы сатылды. Халық біздің өңірден келген алманы көргенде бірден алып кетеді. Әсіресе қызыл апортты арнайы іздеп келетіндер көп. Бағбандық – біздің отбасылық кәсібіміз, өмір сүру салтымыз десем де болады. Кемертоған ауылында 3 гектар бағымыз бар. Жыл сайын 50 тоннаға жуық өнім аламыз», – деді бағбан.
Жәрмеңкеде Алматы облысының бал өнімдері де саудаланды. Бал шаруашылығымен 15 жылдан астам уақыт айналысып келе жатқан Гүлнара Қашқынбаева елордадағы жәрмеңкеге биыл алғаш рет қатысқан.

Оның шаруашылығында 150 ара ұясы бар. Биыл омарташылар 9,5 тонна бал өндірген.
«Араны баптап, бал жинаудан бөлек, оны тұтынушыларға өткізу – мүлде басқа міндет. Кейде осы жағынан қиындық туындап жатады. Биыл жәрмеңкеге алғаш рет қатысып, мұның қарапайым шаруа қожалықтарына берілген зор мүмкіндік екеніне көз жеткіздік. Сәті түссе, алдағы жылдары да мұндай шараларға қатысуға ниеттіміз», – деді Гүлнара Қашқынбаева.
Жәрмеңке барысында тауар өндірушілер өз өнімдерін делдалсыз тікелей тұтынушыларға ұсынды. Бұл шаруаларға өнімін тиімді өткізуге, ал қала тұрғындарына табиғи ауыл шаруашылығы тауарларын қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берді.
Алматы облысында ауыл шаруашылығы өңір экономикасының маңызды бағыттарының бірі саналады. Облыс халқының 80 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Сондықтан мұндай жәрмеңкелер жергілікті шаруалардың өнімін өткізуіне жағдай жасап, ауылдағы кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетіктерінің бірі болып отыр.




