Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, облыста 16 коммуналдық нысанды сату жоспарланған. Оның 11-і сатылды, 1-еуін сату процесі жүріп жатыр («Алатау» АҚ), 2-еуі сатылымға дайындық үстінде («Жетісу-облгаз» және «Қонаев тұрғын үй» ЖШС).
«Жалпы алғашқы жоспар бойынша облыста 63 коммуналдық нысан сатылуы керек болған. Алайда, оған өзгеріс еніп, 25 нысан тізімнен алынса, 22-сі Жетісу облысында қалды. Кешенді жоспардың өңірде іске асуы 81 пайызды құрайды», — деді комитет төрағасы.
Тарихқа үңілсек, мемлекет меншігін жекешелендірудің бірінші толқыны 90 жылдардың басына тұспа-тұс келген. Ол кезде Қазақстан нарықтық экономикаға аяқ басқан болатын. Бірінші толқын маусымында 43 мыңнан астам мемлекеттік нысан сатылып, 360 млрд теңге кіріс кірген. Сондай-ақ 1,5 мың ауыл шаруашылық, 3 мың әлеуметтік нысан, 93 жеке кәсіпорын сатылған.
Содан кейін Үкімет 3 рет, яғни, 2014-2016, 2016-2020, 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды қабылдаған.
Соңғы қабылданған жоспарға сай, Қазақстанда:
- 306,3 млрд теңгеге 369 нысан бәсекелік ортаға берілген;
- 64 нысан қайта құру мен таратуға жіберілген;
- 33 нысан сатылып жатыр;
- 192 нысан сатылым алдындағы дайындық үстінде.
Комитет төрағасы мемлекеттік, коммуналдық нысандарды жекешелендіру «бір терезе» қағидаты бойынша, сатып алуға электронды түрде өтінім бергеннен бастап жеңімпазды анықтағанға дейін автоматтандырылғанын айтты. Бірыңғай сатылым алаңы барлық азаматтарға қолжетімді.





