Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады. Сұрақтар офлайн және онлайн форматта келіп түсті.
Мәселен, Қарғалы ауыл тұрғындарының өтінішін арқалап келген Жамбыл ауданының азаматы жаңа емхана салуға жәрдемдесуін сұрады.
«Қарғалы ауылында орналасқан аудандық аурухана 1971 жылы салынған, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, ғимарат ескі, дәліз жолдары тар, кабинеттердің орналасуы стандарттарға сәйкес келмейді. Халық санының көбеюіне, қызметкерлер мен пациенттердің штаттық санының артуына байланысты медицина қызметкерлері бір кабинетте 2 учаскеден орналасуға мәжбүр. Бұл қызметкерлердің қалыпты жұмыс істеуіне және пациенттердің жиі шағымдануына әкеледі. Сондықтан 250 адам қабылдайтын жаңа емхана салуларыңызды сұраймын», – деп атап өтті ол.

Ал Ұйғыр ауданының тұрғыны Сүмбе ауылындағы әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан ауыз су мәселесіне шағымданды. Сонымен қатар Талғар ауданының азаматы да әкім орынбасарына Бесағаш ауылының халқы сапалы ауызсуға жарымай отырғанын жеткізді.
«11 мың тұрғыны бар ауылда су қысымының азаюы байқалуда. Өйткені, 95% су желілерінің тозығы жеткен. Сондай-ақ қызмет көрсетіп жатқан «Алматы Су» МКК алдында 216 млн теңге берешек болғандықтан, сумен жабдықтауды тоқтатынын мәлімдеді. Осы мәселені шешу үшін құны 7,6 млрд теңге құрайтын сумен жабдықтау жүйесінің құрылысын ЖСҚ әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Биыл магистральдық су құбырына сервитут салу жөніндегі жұмыс аяқталды. Енді осыдан кейін жоба қайта тамыз айының соңына қарай сараптамадан өтуге дайындалатын болады», – деді Нұржан Құдайбергенов.
Облыс әкімінің орынбасары өңір жұртшылығымен кездесу қорытындысы бойынша жауапты мамандарға тапсырмалар мен тиісті ұсыныстар беріп, аталған мәселелердің оң шешілуін бақылауда ұстауға уәде берді.





