Әлемнің үздік мергендері бас қосқан додада қазақстандық спортшы жоғары шеберлік пен төзімділік танытты. Шешуші кезеңде 24 нысананың 20-сын дәл көздеген Әсем Орынбай әлем чемпионатын бесінші орынмен аяқтады.
Жарыста Қытай спортшысы Цзян Итинг 34 нысананы дәл атып, алтын медаль иеленді. Күміс жүлде оның отандасы Чэ Юфэйге бұйырды. Ол 32 нысананы дәл көздеді. Ал қола медальді Словакия өкілі Моника Штибрава жеңіп алды.
Әсем Орынбайдың бұл нәтижесі Қазақстан спорты үшін маңызды жетістік болды. Ол стенд атудан ел қоржынына алғашқы Олимпиада лицензиясын салып, отандық мергендердің халықаралық деңгейдегі әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Алматы облысының спорт мектебінде тәрбиеленген Әсем Орынбай бұған дейін де халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Әлем чемпионатындағы бұл жетістігі оның спорттық мансабындағы маңызды белестердің бірі әрі Алматы облысы спорты үшін үлкен мақтаныш болды.





