Жарыстар мен мәдени бағдарламалар облыстың орталық қалаларынан бастап шалғай ауылдық округтерге дейін ұйымдастырылды. Ондаған алаңда дәстүрлі спорт түрлерінен турнирлер, ұлттық ойындар мен этно-көрмелер өтіп, мереке бірлік пен ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісіне айналды.
Мерекенің басты алаңы Қонаев қаласында ұйымдастырылды. Мұнда ұлттық спорт түрлерінен ауқымды фестиваль өтіп, қала кеңістігі қазақтың тірі дәстүрлерін дәріптейтін үлкен мәдени алаңға айналды. Көрермендер ұлттық мұраның рухын сезініп, мазмұнды әрі әсерлі бағдарламаға куә болды.
Іс-шара барысында қатысушылар өзара күш пен ептілікті сынға салса, көрермендер оларды қызу қолдап, нағыз халықтық мерекенің атмосферасын қалыптастырды. Әсіресе қазақ күресі, асық ату және бес асық ойындары көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар арқан тартыс пен бұқа тартыс та тартысты өтіп, командалық рух пен төзімділіктің маңызын айқындады.
Фестивальдің ашылу салтанатында Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев Ұлттық спорт күнінің маңыздылығына тоқталып, тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтады.
«Ұлттық спорт күні — бұл жай ғана жарыс емес, бұл біздің тарихымыздың, мінезіміз бен бірлігіміздің көрінісі. Осы көктем күндерінде ұрпақтар сабақтастығы ерекше сезіледі: үлкендер дәстүрді аманаттаса, жастар оны мақтанышпен қабылдап, дамытып келеді», — деді ол.
Спорттық бағдарламаның ең әсерлі бөліктерінің бірі күш сынасатын ойындар болды. Бұқа тартыста қатысушылар төзімділігі мен қайсарлығын көрсетсе, арқан тартыста командалар үйлесімді әрекет арқылы жеңіске ұмтылды. Сонымен қатар:
- ләңгі тебуде ептілік пен үйлесімділік,
- асық атуда мергендік пен дәлдік,
- бес асықта жылдамдық пен реакция ерекше байқалды.
Жарыстарға еліміздің танымал спортшылары да қатысты. Қазақстан чемпиондары Талшын Асланбекқызы мен Жанель Ғабит өздерінің жоғары дайындық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
«Қатысушылардың деңгейі өте жоғары болды, әр ойын соңына дейін тартысты өтті. Елімізде бес асыққа деген қызығушылықтың артып келе жатқаны қуантады», — деді Жанель Ғабит.
Ұлттық спорт күні облыстың барлық аудандарында да кең көлемде өтті. Іле ауданында қазақ күресінен ірі турнир ұйымдастырылса, Еңбекшіқазақ ауданында саятшылық өнері көрсетілді. Сондай-ақ өзге аудандарда тоғызқұмалақ, асық ату және басқа да ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.
Жалпы, Алматы облысында өткен Ұлттық спорт күні дәстүрлердің жаңаша серпінмен дамып, ұлттық мәдениет пен салауатты өмір салтына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетті.




