СҚО Айыртау ауданында 16 жастағы Николай Веберге іздеу жарияланды. Жасөспірім бүгін таңғы сағат 6:00 шамасында Имантау елді мекенінде орналасқан «Айбек» демалыс базасынан ешкімге ескертпестен белгісіз жаққа кеткен.
Баланы іздеуге волонтерлер де атсалысып, фотосы мен ол туралы мәліметті әлеуметтік желіде таратты. 12 сағаттан бері жасөспірім жайында еш дерек жоқ. Николайдың бойы 170-175 см шамасында, арықша келген, шашы қоңыр, қысқа. Үстінде түрлі түсті қысқа шалбар, қара жейде және қара аяқ киім болған.
Баланы көргендер 8 (777) 307 99 65, 8 926 626 64 33 және 102 нөміріне хабарласа алады.
Бұған дейін іздеу жарияланған Сергей Багинскийдің денесі табылды. Естеріңізге салайық, Тайынша ауданы, Келлеровка елді мекенінің 58 жастағы тұрғыны мамыр айының басында үйінен кетіп, қайтып оралмаған еді.
Ал із-түссіз кеткен түркістандық төрт жасөспірім Петропавлдан аман-есен табылды. Олар ешкімге ескертпестен үйден кетіп, ел араламақ болған.
16 жастағы жасөспірімдердің біреуін полиция Пестрое көлінің маңынан тапты.
Кейін қалған үшеуін де анықтап, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына уақытша орналастырды.