Осылайша, Токио қаласында сайлауда дауыс берген алғашқы қазақстандық кәсіпкер Сырымбек Тау болды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Сайлауға қатысу әрбір азаматтың борышы, мемлекет алдындағы парызы деп ойлаймын. Біз өз таңдауымызды жасап, мемлекеттік іске белсенді араласуымыз керек. Менің ойымша мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен іргесінің берік болуына әркім өз үлесін қосу қажет. Міне, сондықтан да бүгін кәсіпкер ретінде Токиода іс-сапармен жүріп, өз дауысымды ел болашағы үшін беруді жөн көрдім», — деді Сырымбек Тау.
Оңтүстік Кореяның астанасындағы №258 учаскеге алғашқы болып қазақстандық Юрий Цой келді. Ол Сеулде 5 жылдан астам уақыт тұрып, кәсіпкерлік қызметпен айналысады.
«Мен әрқашан Қазақстандағы жаңалықтарды белсенді қарап отырамын және елдегі оң өзгерістерді көріп жүрмін. Сондықтан бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауында дауыс беруге шешім қабылдадым», — деді кәсіпкер.
Айта кетейік, бүгін, 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтеді.
Сайлауда алғашқылардың бірі болып Жапония мен Оңтүстік Кореядағы сайлау учаскелері жұмысын бастады.
Астана уақытымен таңғы сағат 4:00-ден Токиодағы қазақстандықтар дауыс бере бастады. Ал ең соңғы сайлау учаскесі Сан Францискода Астана уақытымен кешкі сағат 21:00-де ашылады, өйткені уақыт белдеуінің айырмасы – 14 сағат.