Халықаралық білім көрмесі Қонаев қаласының орталық алаңында сағат 14:00-де басталады.
Іс-шараның басты мақсаты – жастарға шетелде жоғары білім алу мүмкіндіктерін таныстыру, халықаралық білім беру бағдарламалары туралы ақпарат беру және болашақ мамандықты таңдауға бағыт-бағдар көрсету.
Көрме аясында шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері өз университеттеріндегі білім беру бағдарламалары, гранттық мүмкіндіктер және қабылдау талаптары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Қатысушылар шетелде білім алуға қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, оқуға түсу шарттары туралы тікелей университет өкілдерінен мәлімет біле алады.
Мұндай білім беру алаңдары әсіресе мектеп бітіруші түлектер, студенттер және шетелде оқуын жалғастыруды жоспарлап жүрген жастар үшін маңызды.
«Global Exchange – 2026» көрмесі халықаралық білім беру мүмкіндіктері туралы ақпараттың қолжетімділігін арттырып, жастардың болашақ білім жолын саналы түрде таңдауына ықпал етуді көздейді.
Көрме 9 қазан күні сағат 14:00-де Қонаев қаласының орталық алаңында өтеді. Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарын іс-шараға қатысуға шақырады.





