Алатау қаласының прокуратурасы «Алатау қаласының Мансап орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметіне тексеру жүргізіп, бюджет қаражатын заңсыз пайдалану фактілерін анықтады.
Алматы облысы прокуратурасының мәліметінше, 2025–2026 жылдары Мансап орталығының екі қызметкері екі жеке кәсіпкерде іс жүзінде жұмыс істемеген азаматтарға бюджет есебінен жалақы төлеуді ұйымдастырған.
«Мемлекетке 6 млн теңге көлемінде залал келтірілген. Прокуратура материалдары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», – делінген ведомство хабарламасында.
Қылмыстық істі қарау нәтижесінде сот төрт адамды кінәлі деп танып, оларға қатысты айыптау үкімін шығарды. Оның ішінде екі лауазымды тұлға мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Прокуратура мемлекетке келтірілген 6 млн теңге залал толық көлемде өтелгенін ескертті.





