Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форум барысында аграрлық саланың ел экономикасындағы стратегиялық маңызына тоқталып, ауыл еңбеккерлеріне қажырлы еңбегі үшін алғыс білдірді.
Президенттің айтуынша, биылғы күзгі жиын-терін науқанында елімізде 24,5 млн тонна ауыл шаруашылығы дақылдары жиналған. Мемлекет басшысы мұндай нәтижеге дала еңбеккерлерінің табанды еңбегі мен аграрлық сектордағы жүйелі жұмыстың арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.
«Мол өнім – әр шаңырақтың берекесі, әр дастарқанның молшылығы. Диқандарға және ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген барша азаматқа алғысымды білдіремін», – деді Президент.
Форум аясында ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосқан еңбеккерлер мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында Алматы облысының екі тұрғыны бар.
Атап айтқанда, Еңбекшіқазақ ауданындағы «Агро Балтабай» ЖШС-нің ірі қара мал күтушісі Ислам Хуршудов «Құрмет» орденімен марапатталды.
Ал «Капшагай МТС Сервис» ЖШС-нің мал күтушісі Рүстем Ахметжанов ауыл шаруашылығы саласындағы еңбегі үшін III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденіне ие болды.
Бұл мемлекеттік наградалар – ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегіне берілген жоғары баға. Олардың кәсіби жауапкершілігі мен табанды еңбегі өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып келеді.





