Тараптар жұмыс кездесуі барысында қалалық инфрақұрылымды цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу және интеллектуалды қалалық қызметтерді дамыту перспективаларын талқылады.
Alatau City Authority компаниясының цифрлық технологиялар және жасанды интеллект жөніндегі бас директоры Баян Қоңырбаев Алатау қаласын AI-Native City тұжырымдамасы негізінде дамыту жоспарын таныстырды.
Аталған тұжырымдама жасанды интеллект технологияларын қала құрылысының бастапқы кезеңінен-ақ цифрлық инфрақұрылымға, қалалық қызметтер мен басқару жүйесіне енгізуді көздейді.
Жобаның негізгі мақсаты – заманауи цифрлық инфрақұрылым құру, интеллектуалды қызметтерді дамыту, цифрлық экономиканы қалыптастыру және қаланы басқару тиімділігін арттыру.
Өз кезегінде Yandex Qazaqstan өкілдері цифрлық картография, геоаналитика, қалалық инфрақұрылымды бақылау, автономды көлік және цифрлық қызметтер саласындағы технологиялық шешімдерін таныстырды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлесіп дамытуға болатын тоғыз перспективалы бағытты айқындады. Қол қойылған меморандум техникалық ақпарат алмасуға, заманауи технологиялық шешімдерді зерделеуге және ықтимал пилоттық жобаларды әзірлеуге мүмкіндік береді.
Yandex Qazaqstan компаниясымен ынтымақтастық Алатау қаласының цифрлық экожүйесін қалыптастыруға және озық технологияларды қалалық инфрақұрылым мен басқару жүйесіне енгізу мүмкіндіктерін зерттеуге бағытталған.





