Салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады. Өңір басшысы цифрлық технологияларды енгізу мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырып қана қоймай, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де ықпал етіп отырғанын атап өтті.
«Бүгінде цифрлық технологиялар өндірістен бастап мемлекеттік басқаруға дейінгі барлық саланың жұмыс тәсілін түбегейлі өзгертіп, жаңаша даму мүмкіндіктеріне жол ашуда. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бізге елімізді толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін жүктеген болатын. Осы бағытта облысымыздағы шалғай елді мекендерді ғаламтор жүйесімен қамту, «Қолжетімді интернет» жобасы аясында байланыс желілерін тартып, IT-инфрақұрылым сапасын одан әрі жақсарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Ең бастысы, енгізіліп жатқан сандық технологиялар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, жол-көлік оқиғасын азайтып, адам өмірін сақтауға нақты септігін тигізіп отыр», – деді Шыңғыс Әрінов.
Облыста цифрлық қызметтерді дамыту бағытында да бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, тұрғындардың өтініштерін қабылдайтын «109» қызметі арқылы 73 мыңнан астам азаматтың мәселесі шешілген. Сонымен қатар цифрлық бақылау жүйесінің көмегімен 188 жобаның іске асырылуына мониторинг жүргізіліп жатыр.
Өңірде интернет инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылған. Қазіргі уақытта Алматы облысындағы 376 елді мекеннің 365-і мобильді байланыс және интернет желісімен қамтылған. Бұл жалпы елді мекендердің 97 пайызынан астамын құрайды. Келесі жылы тағы сегіз ауылды сапалы интернетке қосу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, қолданыстағы байланыс желілері 4G стандартына сәйкес жаңғыртылады.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында облыстың 85 ауылына талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылған. Биыл 29 елді мекендегі әкімдіктер, мектептер мен фельдшерлік пункттер интернетке қосылды. Ал тұрақты байланыс желісі толық іске қосылғанға дейін 23 ауылға уақытша Starlink станцияларын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы байланыс сапасын жақсарту үшін жыл соңына дейін 17 антенна-діңгек құрылысын аяқтау көзделген. Сонымен қатар Көлсай мен Шарын туристік аймақтарында мобильді байланыс пен Freedom Telecom компаниясының тегін Wi-Fi желісі жұмыс істейді.
Цифрландыру саласына жастарды тарту жұмыстары да жалғасуда. Қонаев қаласындағы Alatau Hub орталығында биыл 90-нан астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 1400-ден астам адам қатысқан. Ал «Digital Keruen» жобасы арқылы өңір тұрғындары ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Бұдан бөлек, хакатондар, Google Cloud шеберханасы және Startup Orda бағдарламасы аясында жастарға арналған оқыту шаралары өткізілді.
Салтанатты жиын барысында цифрландыру саласының үздік қызметкерлері Алматы облысы әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды. Марапат иелерінің бірі Арман Әлмереков өңірдегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстардың маңызын атап өтті.
«Еңбегімнің ескеріліп, Алматы облысы әкімінің Алғыс хатына ие болғаныма өте қуаныштымын. Кәсіби мереке қарсаңында көңіліміз бір марқайып қалды. Біз цифрлық технологияның көмегімен облыстағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлесімізді қосып келеміз. Тұрғындарды жылдамдықты асырмай, ережелерді сақтауға шақырамыз. Алдағы уақытта жұмысымызды жетілдіріп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы қызметімізді жалғастыруға ниеттіміз», – деді ол.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, цифрлық инфрақұрылымды кеңейту, елді мекендерді сапалы интернетпен қамту және қоғамдық қауіпсіздік жүйелерін жетілдіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.





