Министр мәліметінше, елімізде «Ұлы Дала жорығы» атты республикалық тұңғыш марафон-бәйге 17-29 қыркүйек аралығында өтеді. Қатысушылар Нұр-Сұлтан қаласынан бастап, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарын қамтитын бағытта 1200 шақырымды еңсереді.
«Бұл – Қазақстанда бұрын-соңды болмаған, тіпті әлемде теңдесі жоқ марафон-бәйге. Сондай-ақ бұл аламан жай ғана ат жарысы емес – қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғыртатын, рухын оятатын, Қазақстанның бай табиғаты мен тарихын зерделейтін, жаңа туристік бағыттарды қалыптастыратын тың жоба болмақ. Бұл бәйге болашақта өзіміздің ат үстіндегі дәстүрлі «Париж Дакарымыз, Тур де Франсымыз» болады деп үміттенемін», – деді Дәурен Абаев Facebook парақшасында.
Жеңімпаз 30 млн теңге, 2 орын иегері – 20 млн теңге, 3 орын үшін 15 млн теңге алады.
Айта кету керек, марафонды өткізу кезінде барлық қатысушылар талапқа сай жабдықталған демалыс орындарымен, ас-ауқатпен және қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі.