Жаңа форматтағы цифрлық кеңседе мемлекеттік қызметтерді алу үдерісі барынша автоматтандырылады. Азаматтар арнайы терминалдарды пайдаланып, қажетті қызметті өздігінен рәсімдей алады. Қажет болған жағдайда орталық мамандары кеңес береді.
«Қазір төрт өңірде бес цифрлық кеңсе ашылды. Тағы он өңірде қаржыландыру мәселесі шешілді. Бұл өңірлер жыл соңына дейін ғимараттарды дайындап, цифрлық кеңселерді іске қосуы қажет», – деді Жаслан Мәдиев.
Жыл соңына дейін мұндай орталықтар Алматы облысымен қатар Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында ашылады.
eGov GPT арқылы 150 қызмет қолжетімді болады
Министрдің айтуынша, мемлекеттік қызметтердің цифрлық экожүйесінің негізіне QazTech платформасы айналып келеді. Биыл аталған платформаға көшіру жоспарланған цифрлық жүйелердің 92 пайызы бойынша жұмыс аяқталған. QazTech мемлекеттік сервистер мен деректерді бірыңғай цифрлық платформада біріктіруге мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект мемлекеттік қызмет көрсету саласына да енгізіліп жатыр. Мәселен, e-Otinish жүйесінде жасанды интеллект көмегімен 3,2 миллионнан астам өтініш өңделген.
Қазіргі уақытта eGov GPT арқылы 51 мемлекеттік қызмет қолжетімді. Жыл соңына дейін олардың санын ең көп сұранысқа ие 150 қызметке дейін арттыру жоспарланған. Бұл қызметтер жалпы сұраныстың шамамен 80 пайызын қамтиды.
Ал 2028 жылға қарай жасанды интеллект қолданылатын мемлекеттік қызметтердің үлесін 40 пайызға жеткізу көзделіп отыр. 2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтерді алу уақытын екі есе қысқарту жоспарланған.





