Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, тазалық жұмыстары мерейтойлық шара өткен «Көкбастау» атшабарының аумағында ұйымдастырылды. Экологиялық акцияға еріктілер, жастар және мерекеге қатысқан тұрғындар атсалысты.
Тазалық жұмыстарына үш қоқыс тасымалдаушы көлік пен аумақты абаттандыруға арналған қосымша арнайы техникалар жұмылдырылды. Нәтижесінде мерекелік шара өткен аумақтан 7 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналып, арнайы полигонға шығарылды.
Айта кетейік, Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған мерекелік шара барысында санитарлық тазалықты сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Көпшілік жиналған аумаққа алдын ала 80 биодәретхана мен 150 қоқыс жәшігі орнатылған.
Мерейтой аяқталғаннан кейін еріктілер мен жауапты қызмет мамандары атшабар аумағын тазалап, жиналған қалдықтарды арнайы көліктерге тиеп әкетті.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, аумақты тазалау және абаттандыру жұмыстары алдағы күндері де жалғасады.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы мұндай шаралар қоршаған ортаны қорғауға, елді мекендердің тазалығын сақтауға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған.





