2025 жылы облыста екі донорлық процесс ұйымдастырылса, үшіншісі 2026 жылдың 16 қаңтарында өткізілген. Үш жағдайда да медициналық консилиум ми өлімін растап, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қажетті медициналық және ұйымдастырушылық рәсімдер жүргізілген.
Нәтижесінде трансплантация үшін 6 бүйрек, 3 жүрек, 3 өкпе, 2 бауыр және 4 мөлдір қабық алынып, еліміздің тиісті трансплантациялық орталықтарына жеткізілген.
Сонымен қатар 2025 жылғы алғашқы донорлық процесс кезінде өңірде 2020 жылдан бері алғаш рет мөлдір қабық алынған. Бұл ағза донорлығымен қатар тіндік донорлықтың да қайта жандана бастағанын көрсетеді.
Қазіргі уақытта Алматы облысында 290 пациент трансплантация кезегінде тұр. Оның 239-ына бүйрек, 28-іне бауыр, 22-сіне жүрек, ал бір пациентке өкпе трансплантациясы қажет.
Мамандардың айтуынша, донорлық процесс бірнеше медициналық ұйым мен маманның үйлесімді жұмысын қажет етеді. Ықтимал донор анықталған жағдайда медициналық тексерулер жүргізіліп, ми өлімі белгіленген тәртіппен расталады. Одан кейін заңнамада көзделген рәсімдер орындалады.
Алматы облысының трансплантология саласындағы өңірлік үйлестіруші маманы Ақерке Тоекенің айтуынша, донорлық – адам өмірінің құндылығына негізделген аса жауапты үдеріс.
«Бір адамның өмірден өткеннен кейін оның ағзалары басқа адамдарға өмір сүруге мүмкіндік беруі – медицинадағы үлкен жауапкершілік. Біздің міндетіміз – донорлық процестің барлық медициналық және заңнамалық талаптарға сәйкес жүргізілуін қамтамасыз ету және халыққа оның маңызын дұрыс түсіндіру», – деді ол.
Мамандар донорлықтың бір адамның өмірі аяқталғаннан кейін басқа адамдарға өмір сүруге мүмкіндік беретін ізгі әрі жауапты шешім екенін атап өтеді.





