Әсет Масабаев өз сөзінде мұнай-газ саласы мамандарының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесіне тоқталды. Оның айтуынша, облыс экономикасының тұрақты дамуы үшін энергетикалық инфрақұрылымның маңызы зор.
«Алматы облысында елді мекендерді кезең-кезеңімен газдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында жүргізіліп келеді. Бүгінде облыста 169 елді мекен газдандырылып, 1,24 миллион адамға табиғи газға қолжетімділік қамтамасыз етілген. Бұл өңірдің жан-жақты өркендеуіне оң әсерін тигізеді», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Ол газ саласының қызметкерлері ауа райының қолайсыздығына және тәуліктің қай мезгілі екеніне қарамастан, тұрғындарды үздіксіз көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін еңбек етіп жүргенін атап өтті.
«Сіздер осы жолда аянбай тер төгіп, қоғамға қызмет етудің үлгісін көрсетіп келесіздер. Қиын да жауапты саладағы еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық», – деді Әсет Масабаев.
Салтанатты рәсім барысында салада ұзақ жыл еңбек етіп, кәсіби біліктілігімен ерекшеленген бірқатар маман марапатталды. Оларға ҚР Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ саласының үздігі» төсбелгісі, Алматы облысы әкімі Шыңғыс Әріновтің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.
Марапатталғандардың қатарында облыстық энергетика және сумен қамту басқармасының басшысы Нұрлан Өмірханов, сондай-ақ Назар Қасымов, Жасұлан Талдыбаев және өзге де сала мамандары бар.
Кәсіби мерекеге арналған салтанатты шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды.





