Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі – елдегі заң үстемдігін қамтамасыз етуге атсалысатын негізгі мемлекеттік органдардың бірі. Министрліктің құзыретіне заң жобаларын қадағалау, заңнаманы жетілдіру, халықаралық шарттарды құқықтық қамтамасыз ету, мемлекеттік тіркеу, заң көмегін көрсету, құқықтық насихат жүргізу, атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету және зияткерлік меншік құқықтарын қорғау секілді маңызды міндеттер кіреді.
Әділет саласының тарихы да тереңде жатыр. Жанболат Самашев келтірген деректерге сәйкес, оның негізі 1920 жылы құрылған ҚазАКСР Әділет халық комиссариатынан бастау алады. 1946 жылы құрылым Қазақ КСР Әділет министрлігі болып қайта аталып, 1960 жылы таратылған. Ал 1970 жылғы 25 қыркүйекте қайта құрылған. Тәуелсіздік жылдарында ведомствоның құрылымы мен құзыреттері уақыт талабына сай бірнеше рет өзгертіліп, заңнамалық тұрғыдан жетілдірілді.
Бүгінде Әділет министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алып, Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының негіздерін қалыптастыруға атсалысып келеді.
Бұл бағыттағы жұмыстар Алматы облысында да жүйелі түрде жүргізілуде. Облыс қайта құрылғаннан кейін өңірлік Әділет департаментінің алдына бірқатар міндет қойылды. Соның ішінде тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Департамент мамандары халыққа заңнама талаптарын түсіндіру мақсатында ақпараттық-түсіндіру семинарларын ұйымдастырып, білім беру мекемелерінде жастармен кездесулер өткізіп келеді. Сонымен қатар нотариаттық қызмет, құқықтық кеңес беру, азаматтық хал актілерін тіркеу және өзге де бағыттар бойынша жұмыстар атқарылуда.
Жанболат Самашевтың пікірінше, «Әділетті Қазақстан» құру тек мемлекеттік органдарға жүктелетін міндет емес. Бұл үдерісте қоғам мүшелерінің жауапкершілігі мен «Адал азамат» қағидатының орны ерекше.
Ол Мемлекет басшысы айтқан ел бірлігі мен тұрақтылығы, әділдік, заң мен тәртіп, сенім мен жауапкершілік секілді құндылықтар жаңа қоғамдық этиканың өзегіне айналуға тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, кәсібилік, еңбекқорлық пен елге жанашырлық қасиеттері «Адал азамат» ұғымының мазмұнын айқындайтынын жеткізді.





