Жас орманшылар бір апта ішінде Бақанас, Шелек, Күрті және Нарынқол орман шаруашылықтарының аумағынан 1 тоннадан астам жиде мен Шренк шыршасының тұқымын жинауды жоспарлап отыр. Оның ішінде «Күрті орман шаруашылығы» аумағында 500 келі жиде тұқымын жинау көзделген.
Шараның негізгі мақсаты – табиғи тұқым қорын қалыптастыру, орман алқаптарын ұлғайту және жас ұрпақтың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыру.
Акцияға қатысқан оқушы Баукен Ерғалидың айтуынша, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін бала кезден қалыптастыру маңызды.
«Қазақстанды, елімізді әрқашан таза ұстауымыз керек. Қоқысты арнайы жәшіктерге тастап, көбірек ағаш егуіміз қажет. Бала кішкентайынан тазалыққа үйренсе, еліміз бен жеріміз де таза болады деп сенемін», – деді ол.
Алматы облысында 2021-2027 жылдарға арналған орманды молайту және орман өсіру көлемін ұлғайту жөніндегі кешенді жоспар жүзеге асырылып жатыр. Жоспар бойынша өңірде 52 миллион түп көшет егу көзделген. Былтыр 17 мың гектар аумаққа 38,3 миллион көшет отырғызылған.
«Күрті орман шаруашылығы» КММ директоры Ғабит Ақшабақовтың айтуынша, акция аясында тұрғындарға жиде тұқымын дұрыс жинау жолдары түсіндіріліп, орман қорын көбейтудің маңызы туралы ақпарат берілген.
Алғашқы күннің өзінде ауыл белсенділері 200 келі жиде тұқымын жинады. Бір апта ішінде оның көлемін 500 келіге жеткізу жоспарланып отыр.
Жиналған тұқымдар Алматы облысындағы тұқымбақтарға егіледі. Екі жылдан кейін өсіп-жетілген көшеттер арнайы дайындалған алқаптарға көшіріліп, өңірдің орман қорын молайтуға пайдаланылады.




