Еркін форматтағы шарада қала тұрғындары мен қонақтары бір сахнада бас қосып, өз өнерін ортаға сала алады.
Шығармашылық кеш 22 қыркүйекте Б. Соқпақбаев атындағы Орталық саябақта өтеді. Шара сағат 18:00-де басталады.
«Ашық микрофонның» басты ерекшелігі – сахнаның кәсіби өнерпаздарға ғана емес, көпшілік алдында өнер көрсетуге ниетті кез келген тұрғынға ашық болуы. Қатысушылар жанды дауыста ән шырқап, өлең оқып, өзге де шығармашылық қабілеттерін көрсете алады. Жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды, мерекелік алаңға жастармен қатар балалар да шыға алады.
Мұндай формат Қала күнін тек концерттік бағдарламамен шектемей, тұрғындардың өздерін мерекенің белсенді қатысушысына айналдыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге көпшілікке танылмаған таланттардың өнерін көрсетуіне және шығармашылық орта қалыптастыруға жол ашады.
Кешке сахнаға шығуды жоспарламаған тұрғындар да көрермен ретінде қатысып, өнер көрсетушілерге қолдау білдіре алады.
Осылайша, 22 қыркүйек күні Б. Соқпақбаев атындағы Орталық саябақ Қонаев тұрғындары мен қонақтарын музыка мен поэзия тоғыстырған ашық шығармашылық алаңда біріктірмек.





