Тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға 5 қыркүйекте болған. Әлеуметтік желідегі жазбада Еңбекшіқазақ ауданы прокуратурасының аға прокуроры қоғамдық тәртіпті бұзып, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны айтылған. Сондай-ақ оның полиция басқармасына жеткізіліп, кейін босатылғаны туралы ақпарат жарияланды.
Редакция ақпараттың мән-жайын анықтау үшін Алматы облысының прокуратурасы мен Алматы қаласының полициясына ресми сауал жолдады.
Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі қаладағы мекемелердің бірінде жанжал болғаны туралы «102» пультіне хабарлама түскенін растады.
«Оқиғаға қатысушылар Алматы қаласы Алмалы аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Қазіргі уақытта осы факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады», – деп хабарлады полиция.
Ал әлеуметтік желіде тараған ақпараттағы прокуратура қызметкеріне қатысты мәліметтерге Алматы облысының прокуратурасы әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.





