2025–2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында қаланың газбен жабдықтау жүйесін дамытуға 38 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Қаржы жаңа желілер тартуға және тұрғындарды орталықтандырылған газ жүйесіне қосуға бағытталды.
Атап айтқанда, 2-шағынауданда ұзындығы 4,5 шақырым болатын төмен қысымды газ желісінің құрылысы толығымен аяқталды. Бұл аумақта орналасқан 36 үйдің 26-сы газға қосылған. Қалған үйлерде ішкі монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оларды жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау жоспарланған.
Ал 18-шағынауданда 2 шақырымнан астам жаңа газ желісі салынды. Инфрақұрылымның кеңеюі тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп, газ баллонына тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беріп отыр.
Қала тұрғыны Есенгүл Абдраимованың айтуынша, табиғи газға қосылу отбасының күнделікті тұрмысына айтарлықтай қолайлылық әкелген.
«Бұрын газ баллонын 4 мың теңгеге сатып алып, оның жеткізілуін күтетінбіз. Егер газ кешке таусылып қалса, таңға дейін күтуге тура келетін. Қазір газды тәуліктің кез келген уақытында – күндіз де, түнде де пайдалана аламыз», – дейді тұрғын.
Сонымен қатар биыл 1 шілдеден бастап тауарлық газдың көтерме бағасы өзгерген. Алайда салалық департаменттің мәліметінше, кәсіпорынның газ тасымалдау қызметіне арналған тарифтері соңғы бес жылда көтерілмеген.
Алматы облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Гүлмира Өтегенова тұрғындар үшін сараланған тариф қолданылатынын атап өтті.
«Халық үшін газдың бағасы қосылған құн салығымен бірге бір текше метріне 56,07 теңгені құрайды. Бұл кәсіпорын бойынша тауарлық газдың орташа бағасынан төмен. Орташа баға – бір текше метріне 76,84 теңге», – деді Гүлмира Өтегенова.
Қонаевтағы газ инфрақұрылымын жаңғырту мұнымен тоқтамайды. 2027–2028 жылдары газбен жабдықтау саласындағы жабдықтарды жаңарту және арнайы техника сатып алу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға шамамен 35 млн теңге қарастыру көзделген.
Жаңа желілердің іске қосылуы Қонаев тұрғындарының табиғи газға қолжетімділігін кезең-кезеңімен арттырып, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.





