Жобаның ерекшелігі – жаңа кәсіпорынның айналасында ауыл шаруашылығынан бастап логистика мен сервистік қызметтерге дейінгі тұтас өндірістік тізбек қалыптасады. Өндіріске арнайы сұрыптағы әрі белгіленген сапа талаптарына сәйкес келетін картоп қажет. Осыған байланысты компания Қазақстанның бірнеше өңіріндегі, соның ішінде Алматы облысындағы шаруашылықтармен ынтымақтастық орнатып жатыр.
Зауыттың іске қосылуы жергілікті шаруалар үшін жаңа мүмкіндік береді. Кәсіпорынмен жұмыс істейтін фермерлер егіс көлемін алдын ала жоспарлап, қажетті картоп сұрыптарын өсіріп, өнімнің сапасы мен оны сақтау талаптарын қамтамасыз етуі керек.
Мұндай ынтымақтастықтың басты артықшылығы – өнімді өткізудің тұрақты арнасының қалыптасуы. Яғни шаруалар картопты маусым сайын нарыққа шығарып, сатып алушы іздеудің орнына өндірістің қажеттілігіне қарай жұмысын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік алады.
Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өндірісінің болжамдылығын арттырып, фермерлердің технология мен сақтау инфрақұрылымына инвестиция салуына қосымша негіз қалыптастырады.
Екі мыңға жуық жұмыс орны ашылуы мүмкін
Жобаның еңбек нарығына да әсері айтарлықтай болмақ. Кәсіпорынның өзінде 900-ге жуық тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бұдан бөлек, аралас салаларда тағы шамамен мың жұмыс орны пайда болуы мүмкін.
Олардың қатарында ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, қаптама өндірісі, сервистік қызмет көрсету және басқа да бағыттар бар.
Осылайша, ірі өндірістік жобаның экономикалық әсері зауыт аумағымен ғана шектелмейді. Кәсіпорынның іске қосылуы ауыл шаруашылығы өнімін өндіруден бастап оны тасымалдау, сақтау және қызмет көрсетуге дейінгі бірқатар саланың дамуына серпін беруі ықтимал.
Жобаның өңір экономикасына нақты ықпалы жаңа зауыттың өндірістік қуатымен ғана емес, Алматы облысындағы қанша шаруа қожалығы мен жергілікті кәсіпорынның осы өндірістік тізбекке қосыла алатынымен де өлшенбек.





