Жарысқа 18 жастан асқан спортшылар қатысты. Турнир барысында командалар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, бірқатар кездесу тартысты өтті. Қатысушылар үшін бұл дода облыс чемпионы атағын сарапқа салумен қатар, шеберліктерін шыңдап, тәжірибе жинауға мүмкіндік берді.
Чемпионаттың тағы бір маңызды мақсаты – Алматы облысының ерлер құрамасына үміткер спортшыларды анықтау. Жаттықтырушылар штабы ойыншылардың жарыс жағдайындағы дайындығын бағалап, алдағы республикалық додаларда өңір намысын қорғай алатын волейболшыларға назар аударды.
Жарыстың бас төрешісі Қанат Ауғанбаевтың айтуынша, командалардың деңгейі бір-біріне жақын болғандықтан, чемпионат басталғанға дейін нақты фаворитті атау қиын болған.
«Командалар жоғары дайындық деңгейін көрсетті, көптеген кездесулер тартысты өтті. Біз үшін ең мықты команданы анықтаумен қатар, облыс құрамасын күшейте алатын ойыншыларды байқау маңызды болды. Мұндай жарыстар спортшыларға ойын тәжірибесін жинауға, ал жаттықтырушыларға олардың мүмкіндіктерін объективті бағалауға мүмкіндік береді», – деді Қанат Ауғанбаев.
Жамбыл ауданының намысын қорғаған Шерзат Асанов та чемпионаттағы әр кездесу спортшылардан барынша жинақылықты талап еткенін атап өтті. Ол волейболмен мектеп кезінен бері айналысады.
«Қарсыластардың деңгейі шамалас болған кезде бір сәтке де босаңсуға болмайды. Біздің команда үшін бұл чемпионат «Алатау лига» жобасы аясындағы жарыстардың келесі кезеңіне жақсы дайындық болды. Ендігі мақсатымыз – жеңіске жетіп, жобаның финалына жолдама алу», – деді спортшы.
Чемпионат қорытындысында Қарасай ауданының командасы облыс чемпионы атанды. Күміс жүлдені Еңбекшіқазақ ауданының волейболшылары иеленсе, Балқаш ауданының командасы үздік үштікті түйіндеді.
Жарыс қорытындысы:
- I орын – Қарасай ауданы;
- II орын – Еңбекшіқазақ ауданы;
- III орын – Балқаш ауданы.





