Турист таулы аймақта жарақат алып, өздігінен төмен түсе алмаған. Оған көмекке құтқарушылар жұмылдырылды.
Құтқару жұмыстарына қолайсыз ауа райы кедергі келтірді. Қалың тұман, жаңбыр мен бұршақ жағдайында туристі іздеу, оған жету және таудан эвакуациялау жұмыстары түні бойы жалғасты.
ҚР ТЖМ Республикалық құтқару қызметінің «Барыс» жасағы Мониторинг және жедел ден қою орталығының қызметкерлерімен бірлесіп, зардап шеккен азаматтың орналасқан жерін анықтап, оған жетті.
Алдын ала мәлімет бойынша, 18 жастағы жігіттің қолы мен аяғы сынған. Сондай-ақ оның беті мен денесінің басқа бөліктерінен түрлі жарақаттар анықталған.
Құтқарушылар жарақат алған туристі зембілге салып, күрделі таулы бағытпен төмен түсірді. Кейін ол қажетті медициналық көмек көрсету үшін Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлеріне тапсырылды.
Құтқару операциясы күрделі ауа райы мен таулы жер бедеріне қарамастан сәтті аяқталды.





