Қоғамдық және спорттық шараларға ұзақ жылдар бойы белсене араласып жүрген Бекболат Бірбаев Райымбек ауданындағы №763 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.
Саналы ғұмырын спорт саласына арнап, талай жастың үлкен спортқа қадам басуына үлес қосқан жаттықтырушы сайлауда таңдау жасау да азаматтық жауапкершіліктің бір көрінісі екенін атап өтті.
«Сайлау – әр азаматтың ел болашағына қатысты өз ұстанымын білдіретін маңызды сәт. Жаттықтырушы ретінде мен үшін өскелең ұрпақтың тәрбиесі өте маңызды. Осы жылдар ішінде талай жасты тәрбиелеп, олардың спорттық дамуына ғана емес, қоғамдық өмірге белсенді араласуына да көңіл бөлдім. Осындай құндылықтарды бала кезден бойына сіңіру қажет», – деді Бекболат Бірбаев.
Оның айтуынша, жас ұрпақтың бойына жауапкершілік пен елге қызмет ету құндылықтарын сіңіру тәрбиеден басталады. Ал азаматтың қоғамдық өмірге белсенді араласуы мен ел болашағына қатысты таңдау жасауы осы тәрбиенің жалғасы болуға тиіс.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Алматы облысында 683 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Өңірде бір миллионнан астам тұрғынның дауыс беруге құқығы бар.





