Баспана көпбалалы аналарға, ата-анасының немесе қамқоршысының қарауынсыз қалған азаматтарға және ерекше қажеттілігі бар тұрғындарға беріледі.
Бүгін облыста бірден 54 отбасы қоныс тойын тойлады. Оның 21-і Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында жаңа пәтер кілтін алды. Кілт табыстау рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, тұрғындарды жаңа қонысымен құттықтады.
Өңір басшысының мәліметінше, қазір Алматы облысында тұрғын үй кезегінде 74 839 азамат бар. Оның 10 мыңға жуығы Талғар ауданында тіркелген.
Соңғы екі жылда Талғар ауданында 459 пәтер сатып алынып, оның 252-сі тұрғындарға берілген. Бүгін бұл тізім тағы 21 отбасымен толықты.
Марат Сұлтанғазиев тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесі әрдайым назарымызда. Алдағы кезеңде де бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып, тұрғын үй қорын ұлғайтуға басымдық береміз. «Үйі бардың – күйі бар» дейді дана халқымыз. Әр отбасының өз шаңырағы, өз үйі болғаны – елдің әл-ауқатының жақсарғанының бір көрсеткіші», – деді облыс әкімі.
Жаңа пәтер кілтін алғандардың бірі – алты баланың анасы Гүлмира Құдайбергенова. Ол тұрғын үй кезегінде 2012 жылдан бері тұрған.
Көпбалалы анаға үш бөлмелі пәтер берілді. Оның бір баласының ерекше қажеттілігі бар.
«2012 жылдан бері үй кезегінде тұрып, бүгін үш бөлмелі пәтерге қол жеткіздім. Алты перзентім бар. Бір балам ерекше болып дүниеге келді. Жаңа пәтеріміз көңілімізден шықты. Іші кең, жарық әрі жайлы. Баспаналы болатынымды алғаш естігенде сенер-сенбесімді білмедім. Қатты толқыдым. Балаларымның да қуанышында шек жоқ», – деді Гүлмира Құдайбергенова.
Бүгін баспана тек Талғар ауданында ғана табысталған жоқ. Қарасай ауданында 20, Іле ауданында 13 отбасы пәтер иесі атанды. Осылайша бір күнде облыс бойынша 54 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді.
Жыл соңына дейін әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға тағы 645 пәтер беру жоспарланған. Бұл жүзеге асқан жағдайда, 2025 жылдан бері сатып алынған 3181 пәтердің барлығы тұрғындарға үлестіріледі.





