Мерекелік шараға орталық тәрбиеленушілері, қызметкерлері, қонақтар және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Салтанатты кешке қала әкімі Асхат Бердіханов қатысып, балаларды құттықтады.
Қала әкімі өз сөзінде орталықтың бір жыл ішінде қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға жан-жақты қолдау көрсететін маңызды әлеуметтік мекемеге айналғанын атап өтті.
«Өткен бір жыл ішінде бұл орталық балалар үшін сенімді тірекке айналды. Мұнда олардың білім алып, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Бұл – өскелең ұрпақтың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі. Ұжымға табыс, қажырлы еңбек, ал балаларға зор денсаулық, бақытты балалық шақ және жарқын болашақ тілеймін,» – деді Асхат Бердіханов.
Мерейтой аясында орталық тәрбиеленушілері арнайы концерттік бағдарлама ұсынды. Балалар ән айтып, би билеп, шығармашылық және спорттағы жетістіктерін көрсетті. Қонақтар олардың өнеріне жоғары баға беріп, жылы лебіздерін білдірді.
Мерекелік іс-шара үлкен тортпен ұйымдастырылған дастарқанмен жалғасып, түрлі-түсті отшашу мен аниматорлардың қатысуымен өткен ойын-сауық бағдарламасымен қорытындыланды.
Қазіргі таңда Алматы облысының Арнаулы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау орталығында 170-тен астам бала тәрбиеленіп, білім алуда. Орталықта олардың сапалы білім алуына, әлеуметтік бейімделуіне, шығармашылық қабілеттерін дамытуына және жан-жақты қолдау көрсетуге барлық қажетті жағдай жасалған.
Орталық ұжымы бір жыл ішінде балаларға қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастырып, олардың толыққанды өмір сүруіне және қоғамға бейімделуіне бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастырып келеді.





