Әкімнің айтуынша, инвестиция тарту – қаланың тұрақты дамуының негізгі бағыттарының бірі. Бүгінде Қонаевтың инвестициялық портфелінде жалпы құны 435 млрд теңгені құрайтын 42 жоба бар. Оның 14-і іске асырылып жатса, қалғандары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Осы ірі жобалардың қатарында қоқысты сұрыптап, қайта өңдеуге арналған зауыт құрылысы да бар. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқан кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтып, тұрмыстық қалдықтарды тиімді өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 70 жаңа жұмыс орны ашылады.
«Қалада қоқыс өңдеу зауытының іске қосылуы қоршаған ортаның тазалығын сақтауға, қалдық көлемін азайтуға және 70 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», – деді Асхат Бердіханов.
Кездесу барысында қалада жүзеге асырылып жатқан өзге де инвестициялық жобалар таныстырылды. Биыл жеке инвестиция есебінен «Интермед Плюс» ЖШС-нің кардиологиялық орталығы ашылды. Құны 3 млрд теңгені құрайтын жоба аясында 100 жаңа жұмыс орны құрылып, тұрғындарға жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтап, сапалы медициналық көмек көрсетуге жағдай жасалды.
Қалада тұрғын үй құрылысы да қарқын алған. №10 шағынауданда «Central Asia Construction Company» ЖШС жүзеге асырып жатқан «Самұрық» тұрғын үй кешені салынып жатыр. Жоба аясында 37 тұрғын үй, сегіз коммерциялық нысан, 15 қабатты бизнес-орталық және балабақша бой көтереді. Биыл жыл соңына дейін әрқайсысында 160 пәтерден болатын төрт көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 65 млрд теңге. Жалпы Қонаевта жеке инвесторлар есебінен сегіз тұрғын үй кешені салынуда.
Сонымен қатар инвесторлар қаржысына «Достық үйі» мен дене шынықтыру-сауықтыру орталығының құрылысы жүріп жатыр. Ал Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен алты әкімшілік ғимарат салынуда.
Қала әкімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, биыл 13 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры жөнделіп, 19 үйдің қасбеті жаңартылды. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 16 қоғамдық аумақ абаттандырылып жатыр. Сондай-ақ Ұлттық жоба шеңберінде ауыз су, кәріз және электр желілерін жаңарту жұмыстары қолға алынған.
Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, қала әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.





