Ауыл тұрғындары үшін маңызды нысанның ашылу салтанатына жергілікті халық көптеп жиналып, қуанышты сәттің куәсі болды.
Айтулы шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтады.
Жаңа спорт кешені ауылға жанашыр азаматтардың жеке қаражаты есебінен салынған. Нысанның жалпы аумағы 1007 шаршы метрден асады. Кешенде футбол, баскетбол және волейбол ойнауға арналған әмбебап спорт алаңы, жекпе-жек түрлеріне арналған күрес залы, техникалық бөлмелер және ашық аспан астындағы заманауи жаттығу алаңы қарастырылған.
Спорт кешені бір мезетте шамамен 250 спортшыны қабылдай алады.
Салтанатты шара барысында Марат Сұлтанғазиев бұқаралық спортты дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың дені сау, мықты азамат болып өсуі үшін бұқаралық спортты дамыту аса маңызды екенін үнемі айтып келеді. Ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамыту – жас ұрпақтың болашағына жасалған инвестиция. Бүгінгі ашылып отырған спорт кешені – осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы Балқаш ауданынан еліміздің абыройын асқақтатып жүрген талантты спортшылар шыққанын айтып, жаңа кешен болашақ чемпиондардың тәрбиеленуіне мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Сондай-ақ Марат Сұлтанғазиев құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтаған «Bereket-ТК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымына және жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан азаматтарға алғыс айтты.
Ауыл жастары жаңа спорт кешенінің жыл бойы тұрақты жаттығуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Тұрғындардың айтуынша, заманауи спорт нысанының ашылуы жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға оң әсер етеді.
Мамандардың пікірінше, мұндай әлеуметтік жобалар ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын дамытуға және жастарды бұқаралық спортқа тартуға үлкен серпін береді.





