Салық бойынша жеңілдіктер, дербес құқықтық жүйе және әлемдік сауда жолдарының түйіскен тұсындағы қолайлы орналасуы Alatau City-дің басты артықшылығы болмақ.
Жаңа экономикалық аймақ және дамуға қолайлы жеңілдіктер
Alatau City инвесторларға ең тиімді режимдердің бірін ұсынатын арнайы экономикалық аймақ мәртебесін алды. Негізгі шарттар қатарында:
- 0% корпоратив табыс салығы
- 0% мүлік және жер салығы
- жабдықтар мен тауарлар импортына 0% ҚҚС
- еркін кедендік аймақ режимі
Бұл жеңілдіктер 30 жылға дейін кепілдендірілген. Мұндай ұзақмерзімді қолдау инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларға инвестиция салатын компаниялар үшін аса маңызды.
Charter City моделі және жеке құқықтық жүйе
Жобаның басты ерекшелігі – Charter City моделін қолдану. Alatau City үшін қаланың жұмыс істеу тәртібін айқындайтын жеке Конституциялық заң әзірленіп жатыр.
Қала әкімшілігі өңірлік деңгейден тыс, тікелей Үкіметке бағынатын болады. Бұл шешім қабылдау процесін жеделдетіп, әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.
Құқықтық жүйеге АХҚО үлгісі бойынша ағылшын құқығының элементтері енгізілмек. Бұл инвесторларға халықаралық арбитражға жүгіну мүмкіндігін беріп, дамушы нарықтарға тән құқықтық тәуекелдерді төмендетеді.
3,5 млрд долларлық жобалар портфелі
2026 жылдың басындағы жағдай бойынша Alatau City инвестициялық портфелі жалпы құны шамамен 1,8 трлн теңге болатын 44 жобаны қамтиды. Бұл 3,5 млрд доллардан асады.
Негізгі даму бағыттары:
- Логистика және e-commerce
Қала Қытай мен Еуропа арасындағы бағыттардың тоғысында орналасқан. Бұл ірі көлік-логистикалық хаб қалыптастыруға мүмкіндік береді. - Өнеркәсіптік high-tech
Жобаға халықаралық компаниялар да қатысып жатыр. Атап айтқанда, Mars компаниясы 2026 жылдың ортасында өндірістік нысан құрылысын бастауды жоспарлап отыр. - Цифрлық активтер және финтех
Қала аясында криптобиржаларды заңдастыру және экожүйе ішінде криптовалютаны есеп айырысу құралы ретінде пайдалану көзделіп отыр.
Туризм және девелопмент
Қаланың сәулет келбетін айқындайтын басты нысандардың бірі – Iconic Towers. Бұл – жаңа шаһардың ажарын ашып, заманауи бейнесін қалыптастыратын ауқымды мұнаралар кешені.
Халықаралық серіктестер, инвестиция тарту және даму
Айта кетейік, Алматы облысында жаңа қаланы дамыту жұмыстары басталғалы бері жобаға бірқатар ірі халықаралық компания қызығушылық танытып, нақты серіктестік орната бастады.
Қытай – инфрақұрылым және құрылыс
China State Construction Engineering Corporation компаниясы жобаға 420 млн доллар көлемінде қатысатынын растады. Сондай-ақ, құны 800 млн доллардан асатын Iconic Towers құрылысы бойынша келісімге қол қойылды.
Оңтүстік Корея – технология және білім
KIND корпорациясы трафикті басқару және цифрлық инфрақұрылымды қоса алғанда, «ақылды қаланы» енгізеді. Қалада Азиядағы жетекші технологиялық университеттердің бірі – KAIST филиалы ашылады. Бұл R&D бағытын күшейтеді.
Сингапур – урбанистика және қаржы
Alatau City даму моделі көп жағдайда Сингапур тәжірибесіне сүйенеді. Қаланың мастер-жоспарын Surbana Jurong компаниясы әзірледі. Сонымен қатар, DBS Bank-пен қаржылай экожүйе құру бойынша келіссөздер жалғасып жатыр.
Италия – инновациялық көлік
UrbanV компаниясы вертипорттар, яғни ұшатын таксилерге арналған алаңдар инфрақұрылымын әзірлеуге қатысады. Алатау мен Алматы арасындағы сынақ рейстерін 2027 жылға қарай іске қосу жоспарланып отыр.
АҚШ – өнеркәсіп және сәулет
PepsiCo снек өндірісіне арналған ірі зауыт құрылысына шамамен 360 млн доллар инвестиция құяды. Mars үй жануарларына арналған азық шығаратын зауыт жобасын іске асырады. Ал негізгі нысандардың сәулеттік тұжырымдамасын Burj Khalifa жобасымен танымал Skidmore, Owings & Merrill бюросы әзірлейді.
Орналасуы – басты бәсекелік артықшылық
Alatau City Алматыға және Еуразияның негізгі көлік дәліздеріне жақын орналасқан. Бұл оны Азия мен Еуропа нарықтарын байланыстыратын маңызды буынға айналдыруы мүмкін.
Салық бойынша жеңілдіктер, халықаралық құқықтық инфрақұрылым және жаһандық серіктестердің қатысуы ұзақмерзімді жұмыс істеуге ниетті инвесторлар үшін ерекше мүмкіндік қалыптастырады.
Бұдан бөлек, Alatau City – тек девелоперлік жоба емес. Бұл – қала дамуының жаңа институционалдық моделін қалыптастыруға бағытталған бастама.
Мамандардың пікірінше, жоба сәтті жүзеге асса, жоба сәтті іске асса, Alatau City халықаралық капиталды тартатын жаңа орталыққа айналып, дамушы елдердің жаһандық инвестиция үшін бәсекеге қабілетті бола алатынын көрсететін маңызды үлгі болмақ.





