2026 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша ауданда перзентханада БЦЖ вакцинациясымен қамту көрсеткіші 86,5 пайызды, ВВГ бойынша 89,5 пайызды құрады. Бір жастағы балалар арасында ҚҚП-1 вакцинасымен қамту 57,5 пайызға жетсе, алты жастағы балалар арасында ҚҚП-2 көрсеткіші – 60,6 пайыз, АбКДС-5 – 49,6 пайыз болды. Бірқатар көрсеткіш бойынша жыл басымен салыстырғанда оң динамика байқалады.
Балқаш аудандық ауруханасының директоры Раушан Азимкулованың айтуынша, вакцинация жұқпалы аурулардың алдын алудың тиімді тәсілдерінің бірі.
«Ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, екпеден қалып қойған балаларды анықтап, оларды вакцинацияға тартуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Халықтың сұрақтарына жауап беріп, вакцинацияның пайдасы мен қауіпсіздігі туралы дұрыс ақпарат жеткізу – медицина қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі», – деді Раушан Азимкулова.
Жалпы, Алматы облысында 2026 жылдың алғашқы алты айында жоспарлы профилактикалық екпелермен 120 471 адам қамтылуға тиіс. Осыған байланысты медициналық ұйымдарға халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын одан әрі күшейту, ата-аналардың вакцинацияға қатысты сұрақтарына білікті мамандар арқылы жауап беру және екпеден бас тартудың алдын алу міндеттері қойылып отыр.
Дәрігерлер вакцинацияның жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқаратынын атап өтеді. Уақытылы жасалған профилактикалық екпелер жұқпалы аурулардың таралу қаупін төмендетіп, ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына ықпал етеді.





