Мерекелік шараға Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов қатысып, ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады. Бүгінде өңірдің білім беру ұйымдарында 35 мыңға жуық педагог еңбек етеді.
Облыс әкімі білім беру саласын қолдау, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту және педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
«Адамзат баласының парасат шыңына өрлеуі де, мемлекеттің өркениетті дамуы да ұстаз берген тәлім-тәрбие мен білімнен басталады. Қай салада қызмет етіп, қандай биікті бағындырсақ та, оның негізінде ұстаздың еңбегі жатыр. Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жетістігі. Бүгінде облыс педагогтері өз шеберлігін жетілдіріп, оқушыларының түрлі білім додаларында биіктен көрінуіне жол ашып келеді. Өздері де кәсіби байқауларда топ жарып жүр. Осындай жауапты жолда жүрген барша ұстазға алғысымды білдіремін», – деді Шыңғыс Әрінов.
Салтанатты жиында бірқатар педагогке «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілері табысталды. Сондай-ақ ұстаздар облыс әкімінің «Құрмет» грамотасы және «Алғыс хатымен» марапатталды.
Шара барысында «Үздік балабақша», «Үздік ауыл мектебі», «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы», «Үздік сынып жетекші» және «Жылдың үздік мұғалімі» облыстық байқауларының жеңімпаздары да анықталды.
Биыл «Жылдың үздік мұғалімі» атағын Жамбыл ауданындағы Ә. Бейсеуов атындағы орта мектептің мұғалімі Бақытәлі Дәулешияр иеленді. Жеңімпазға жаңа автокөліктің кілті табысталды.
Педагогтің айтуынша, байқау төрт кезеңнен тұрған. Қатысушылар әр кезеңде кәсіби білімі мен шеберлігін, тәжірибесі мен жаңашылдығын көрсетуі тиіс болған.
«Әр кезеңде жоғары балл жинап, өзін жан-жақты көрсете білген педагог жеңіске жетеді. Биыл бұл марапаттың маған бұйырғанына қуаныштымын. Бұл байқау тек бақ сынайтын жарыс емес. Мұнда педагогтер тәжірибе алмасып, жаңа әдіс-тәсілдерді үйренеді. Сондықтан мұндай сайыстардың ұстаздарға берері мол. Ал жақсы мұғалімнің тәлімін көріп өскен алғыр бала елдің жарқын болашағын қалыптастырады», – деді Бақытәлі Дәулешияр.
Мерекелік шарада Қарасай ауданындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің директоры Жанар Кулиева «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Білім саласында 34 жыл еңбек еткен ұстаз бұл марапатты ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі деп бағалады.
«Ұстаздар күнінде осындай мәртебелі марапатқа ие болып отырмын. Бұл – педагогика саласындағы 34 жылдық еңбегімнің жемісі. Дегенмен әр мұғалім үшін шәкіртінің жетістігін көргеннен асқан бақыт жоқ. Ең бастысы, педагог оқушыны жақсы көріп, оған шынайы ықыласпен жанашыр бола білуі керек. Мейірім арқылы ғана шәкірт жүрегінен орын аласың», – деді Жанар Кулиева.
Ұстаздар күніне арналған шара өңірдегі білім саласы қызметкерлерінің еңбегін бағалап, кәсіби жетістіктерін көпшілікке танытқан мерекелік басқосуға айналды.





