Салық түсімінің артуына туристер санының көбеюі және оларға көрсетілетін қызмет түрлерінің кеңеюі әсер еткен.
Биыл қаңтар-маусым аралығында облыстағы қонақ үйлер мен демалыс орындары 263 776 туристі қабылдады. Осы кезеңде көрсетілген қызмет көлемі 8,34 млрд теңгеге жеткен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 6,39 млрд теңгені құраған. Осылайша, бір жыл ішінде туристік қызмет көлемі 30,5 пайызға өсті.
Туристер санының артуымен қатар оларды қабылдайтын нысандар да көбейіп келеді. Алматы облысы туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлының айтуынша, былтыр өңірде 285 орналастыру және демалыс нысаны жұмыс істесе, биыл олардың саны 308-ге жеткен.
«Әрбір турист өңір экономикасына өз үлесін қосады. Ол қонақ үйде тоқтайды, тамақтанады, көлік пайдаланады, экскурсияға барады, жергілікті жерден тауар сатып алады. Яғни турист келген сайын жергілікті кәсіпкерлердің де табысы артады. Бұл өз кезегінде бюджетке түсетін салықты көбейтеді. Биыл алғашқы сегіз айда туризмнен бюджетке 3,9 млрд теңге түсті», – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, туризм бюджет кірісін арттырумен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Сондықтан өңірде туристер санын көбейтумен бірге олардың ұзақ уақыт демалып, сапалы қызмет алуына жағдай жасауға басымдық беріліп отыр.
Алматы облысына келетін шетелдік туристер саны да артып келеді. «eQonaq» жүйесінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірге 113 659 шетелдік саяхатшы келген. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы облысы республикада үшінші орында тұр.
Өңірдегі туристер ең көп баратын орындардың қатарында Іле-Алатау, Көлсай көлдері және Шарын ұлттық табиғи парктері бар. Биылғы сегіз айда аталған үш ұлттық паркке жалпы 1,92 млн адам барған.
Оның ішінде Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 1 324 393 туристі қабылдаса, Көлсай көлдеріне 399 063, Шарын шатқалына 202 117 адам барған.
Қонаев қаласындағы Қапшағай су қоймасының жағалауына биыл 2 млн демалушы келген.
Қазіргі таңда Алматы облысының туризм саласында 48 туроператор мен 24 гид жұмыс істейді.





